ЖАС БАЛУАНДАР СЫНҒА ТҮСТІ
Алматы облысы, Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында еркін күрестен 2012–2013 жылдары туған кіші жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Жамбыл ауданының құрметті азаматы Алиев Атабек Анваровичтің жүлдесіне арналған облыстық жабық турнир өтті.
Аталған жарыс жас балуандардың шеберлігін шыңдап, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Турнирге облыстың әр өңірінен келген жас спортшылар қатысып, өзара бақ сынасты.
Жарыстың ашылу салтанатында ұйымдастырушылар мен құрметті қонақтар сөз сөйлеп, жасөспірімдерге сәттілік тіледі. Олар өз сөздерінде ел намысын қорғайтын болашақ чемпиондар дәл осындай жарыстарда шыңдалатынын атап өтті.
Белдесулер тартысты әрі қызықты өтті. Әр салмақ дәрежесінде балуандар өздерінің техникалық шеберліктерін көрсетіп, жеңіске деген жігерлерін дәлелдеді. Жас спортшылардың арасында ерекше көзге түскен балуандар жеңіс тұғырынан көрініп, арнайы дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Бұл турнир – тек спорттық бәсеке ғана емес, сонымен қатар жасөспірімдерді достыққа, патриоттық рухқа тәрбиелейтін маңызды алаң болды. Осындай жарыстар арқылы жас буынның бойында ұлттық спортқа деген сүйіспеншілік артып, болашақта үлкен жетістіктерге жетуге жол ашылады.
Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өткізілетін бұл турнирдің ауқымы кеңейіп, жас таланттарды анықтауға өз үлесін қоса беретініне сенім білдірді.
ЖАС БАЛУАНДАР СЫНҒА ТҮСТІ
RELATED ARTICLES









