Пятница, 29 марта, 2024
Басты бетДін және қоғамЖат ағым жарға жығады

Жат ағым жарға жығады

Дінді белгілі бір мүддені көздей отырып пайдалану дегеніміз, оны дүниелік пайда үшін немесе бір нəрсеге құрал ретінде пайдалану болып табылады. Мəселен, діни құндылықтарды бетке ұстай отырып, қоғамнан қаржылай жəне рухани пайда табуды көздейтіндер бар. Дінді соғыс құралы ретінде пайдалану, мемлекеттер арасында төңкерістерге себепші ету сынды мысалдар аз емес.

Əртүрлі діни ағымға ілескендер өздерінің қара ниетті пиғылын жүзеге асыру үшін адамдарды діни құндылықтармен алдайды. Бұлардың басында діни сауаты төмен адамдарды Алла Тағаламен алдау тұр. Бұл алдаудың ең биік шыңы болып табылады. Алла Тағала Құран Кəрімде: «Сондай-ақ, əзəзіл сұм шайтан да сендерді Алланың кеңшілігіне, шексіз мейіріміне құр үміт арттырып, алдап соқпасын» (Лұқман сүресі, 33-аят.) деу арқылы, өтірікші, жалғаншылардың қақпанына түсіп қалмаңдар деп ескертеді. Өйткені осы түрдегі жат ағым өкілдері өздерін ең ұлы сенімдегі топтың орнына қойып, Алла Тағала атынан ашық түрде үкімдер береді.

Екінші алдау түрі, Алла Тағаланың жер бетіне түсірген Құран Кəрім кітабымен алдау. Діни ағымдар Құран аяттарын өздерінің нəпсəни қалауларына қарай тəпсірлеп, осылайша өздеріне пайда əкелетіндей дəрежеде қолдануда. Ұлы Алла Тағала Құран Кəрімде: «Оған (Құранға) (адамдар арасынан) бірінші болып қарсы шықпаңдар жəне аяттарымды (атақ, лауазым, мал-мүлік, т.с.с.) азғантай бағаға айырбастамаңдар. Менен ғана қорқыңдар, Мені ғана пана тұтыңдар. Ақиқатты жалғанмен бүркемеңдер жəне ақиқатты біліп тұрып жасырмаңдар». (Бақара сүресі, 41-42 аят.) деуі арқылы мұсылман құлдарына қатаң түрде ескерту беруде. Құран аяттарымен бірге хадистерді, діннің кейбір құндылықтарын жəне танымдарын, бірнеше адам немесе топтардың пайдаларына жарайтындай етіп жорамалдау да жат ағымдардың белгілерінен болып табылады.

Діни құндылықтарды орынсыз пайдаланушылардың санасындағы шынайы бейнесі, діннің күшін пайдаланып, өздерінің арам ойларын жүзеге асырудан басқа ешнəрсе емес екені көрінуде. Қара ниеттілер осылайша жеке дара, қоғамдық, экономикалық, саяси жəне нəпсəни қалауларына пайда əкелу үшін барын салып дінді қолданып бағуда.

Жат ағымдағылар əрдайым имансыздарға қарсы сыпайы көрініп, мұсылман бауырларына қарсы қатыгез болып, олармен байланысын əлдеқашан үзіп тастаған. Олар ең жақын туған бауырлары болса да, өздерінен болмағандықтан мəн бермейді, тіпті оларды кəпірге шығарып, жанын қиюдан да тайынбайды. Олардың ішкі жан дүниесі кек пен жиіркенішке, жабайылыққа толып қалған. Бұлардың осыншалықты жабайы əрі жат болуларының ең басты себебі олардың надандығы жəне ашкөзді болып еріп кетуінде.

Осы себепті əр отбасы өз ұрпағына діни тəрбие берерде, жақсы ілімді ұстаздан ілім алдырып, əрдайым бақылауда ұстауы керек. Құран Кəрімге жəне Пайғамбарымыздың (с.а.с) сүннетіне сай келмейтін мағлұматтарға мəн берілмеуі керек. Діннің бірден бір мақсаты Алла Тағалаға құлшылық ету, адамзатқа пайдалы болу. Алла Тағалаға қарсы бір күнəлі іс бар болса, ол жерде адамға мойынсұнуға жол жоқ. Яғни, өзге ағымдардың Отанымызға, дінімізге қарсы жасап жатқан амалдары мен іс-əрекеттеріне біз қоғам болып күресуіміз керек. Сонда ғана елімізді түрлі жат ағым өкілдерінен тазарта аламыз.

Сəбит ƏБДІЖАПАРОВ, «Ұзынағаш» мешітінің бас имамы.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments