Site icon ATAMEKEN

Жаңа заң Жастар мүмкіндіктері

2026 жыл еліміз үшін елеулі өзгерістерімен тарихта қалары сөзсіз. Оның бірегейі – Ата Заңымыздың жаңаруы.

Президент Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан конституция биылғы жылдың шілде айынан күшіне енді. Жыл соңына жақындаған осы бір сәтте жаңа заң қоғамға қалай әсер етуде? Референдум нәтижесімен халық қалап қабылдаған мемлекетіміздің құқықтық құжаты осы уақыт аралығында қандай өзгерістер әкелді?

Бүгінгі мақалада ел болашағы болған жастар үшін жаңа заңда қаралған өзгерістерге тоқталсақ. Бүгінгі жас ұрпақ – ел ертеңінің үкілеген үміті.Артылған сенімді ақтап жатқан жастарымыз да жетерлік. Ата Заңымыздың жаңа нұсқасында да жас буын назардан тыс қалмады.

Ел жастары ерікті түрде жұмылып жұмыс істесе қалай сүйсініп қарамайсың?! Ол үшін жас жүрек- кең, пиғыл- кіршіксіз таза болуы керек дерсің. Жақсылық жасап жарысар осы бір ерікті жастар қауымы жаңа заң құжатында айрықша аталып өтті. Қоғам игілігі үшін ақысыз  көмек берушілерді қолдау енді конституциялық негізде бекітілді.

Бұл арқылы еріктілік қызметтің қоғамдағы маңызы заңмен танылып, адамдар ара қайырымдылық пен өзара көмек мәдениеті кеңеюіне негіз болмақ. Осы бағыттағы жүйелі жұмыс нәтижелерін нақты көрсеткіштермен де айғақтасақ.

Ауданымыздағы жастардан құралған еріктілер ұйымының жұмысымен танысуға арнайы ат басын бұрдық. Жалпы мәлімет бойынша өңірдегі 14-35 жас аралығындағы жастар саны 56748-ді құрайды. Бұл аудан халқының 30 пайызы. Аумаққа қарасты екі колледжде барлығы 1145 студент білім алуда. Олардың арасында ел ертеңін қолға алатын білікті мамандар, көшбасшылар тәрбиелеу мақсатында әр кез түрлі дебат ойындары өткізіліп тұрады. Еліміздің кәсіби мерекелері мен атаулы күндері қарсаңында челлендждер, акциялар мен флешмобтар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Аудан бойынша жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, жұмыспен қамту және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында әлі де шаралар жалғасын тауып жатыр.

Жастардың жәйін ұғыса келе, аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Балжан Досалымен тілдестік. Айтуынша бүгінде Жамбыл атындағы Ұзынағаш кәсіптік колледжінің жанынан құрылған «Мейірім» еріктілер клубы өңірдегі түрлі шаралардың басы-қасында. 20-25 шақты жастан құралған ұйым ерікті түрде жалғыз басты қарияларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, ағаш отырғызуға және аула жұмыстары сынды түрлі әлеуметтік еңбекке өз үлестерін қосуда. Қыстың көзі қырауда өзгеге көмек беру екінің бірінің қолынан келе бермес іс. Ал мұндағы еріктілер ыстық-суығына қарамай қарын күреп, жолын ашып тегіннен — тегін қызмет көрсетеді. Орталық басшысы «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының жұмысын ерекше атап өтті. Тамыз-қыркүйек, қыркүйек- қазан айларына бөлінген жоспар бойынша 50 ерікті жұмыс істесе, қазір 35-і жалғастыруда. Нақты атап өтсек, аудан орталығындағы аялдамалардың әрлеу жұмыстары, орталық алаңның, фонтанның тазалық жұмыстары, мәңгілік алау маңы сынды аумақтарда жұмыс жүргізілген. Аудан кіре берісіндегі ағаштар мен Ұзынағаш-Қайназар аралығындағы ағаштардың ақталуы да «Жасыл ел» жасағының жұмысы. Жаңа заңда осы бір еріктілердің еңбегі ақталғандай.

Енді нақтыласақ. Конституциядағы жаңа өзгеріс бойынша еріктілерге қандай қолдау мүмкіндіктері ашылды? Мәселен, ұйымға мүше азаматтар мен азаматшалар жұмысы арнайы есепке алынып, цифрлық тіркеу жүйесінің дамуы. Бұл еріктінің нақты қосқан үлесін растауға мүмкіндік бермек. Сол тіркелген жұмыстар натижесі кейіннен мемлекеттік қызметке конкурсқа түсу барысында, бюджеттік ұйымдарға жұмысқа орналасқанда, грант бөлінісі кезінде ескерілетін болады. Төтенше жағдайлар мен іс-шараға арнайы шақырылған кезеңдерде қауіпсіздіктері қадағаланады.

Еліміздегі еріктілік қозғалыс түрлі әлеуметтік мәселелерді шешуде үлкен үлес қосуда. Тарихы осыдан 25 жыл бұрын жалғызбасты қарттарға қол ұшын созудан басталған екен. Қазір бұл қызмет түрі ауқымды сипатқа ие. Ата Заң жаңарып, еріктілер үшін де жаңа леп болған өзгерістер, мүмкіндіктер мен қатар үлкен сенім мен міндет те жүктейді. Жастар соны білуі тиіс.

Қазіргі таңда елімізде белсенді еріктілер саны 300 мыңға жуықтаған. 800-ден аса еріктілер ұйымы жұмыс істейді. (El.kz) Бұл қызметтің негізгі құқықтық құжаты бұрыннан келе жатқан еріктілердің қызметі туралы ҚР заңы (2016 жылғы 30 желтоқсан) болып қала береді. Дегенмен оның қолданысы мен маңызы Конституциялық өзгерістер арқылы жаңа деңгейге көтерілді.

 

Назира Ардақ,

«Атамекен» газетінің журналисі

Exit mobile version