2026 жыл еліміз үшін елеулі өзгерістерімен тарихта қалары сөзсіз. Оның бірегейі— ата Заңымыздың жаңаруы.
Президент Қасым- Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан конституция биылғы жылдың шілде айынан күшіне енді. Жыл соңына жақындаған осы бір сәтте 3 ай көлемінде жаңа заң қоғамға қалай әсер етуде? Референдум нәтижесімен халық қалап қабылдаған мемлекетіміздің құқықтық құжаты осы уақыт аралығында қандай өзгерістер әкелді?
Ең әуелі ел арасында жиі талқыға түскені— парламент құрылымының өзгерісі. Бұрынғы заң шығарушы екі палаталы жүйенің орнына бір палаталы құрылтайдың келуі. Бұл жолы халықтың мемлекет ісіне қатысуда басымдық алуына ерекше мән берілді. Оған дәлел, халықтық мүддені білдіре отырып қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеруге мүмкіндік беретін және ең бастысы ұлттық бірлікті нығайтуды мақсат тұтқан “Халық кеңесі” консультативтік институты. Жаңа Конституция Қазақстанды президенттік республика ретінде бекітеді. Президент– мемлекет басшысы әрі ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын айқындайтын жоғары лауазымды тұлға болып қала береді. Президентті халық жеті жыл мерзімге сайлайды және бір адам Президент болып бір реттен артық сайлана алмайды. Бұл норма биліктің бір қолға ұзақ уақыт шоғырлануына жол бермеуге бағытталған маңызды конституциялық тетік ретінде қарастырылады. Жаңа Конституция: қоғам өмірінде қандай өзгерістер басталды? Бұрын қалай еді, ал қазір не өзгерді? Бұл қарапайым азаматқа қалай әсер етеді?
Конституциялық құқықтардың мәні азаматтың күнделікті өмірінен де көрінеді. Мәселен, денсаулық сақтау саласы бойынша Ұзынағаш өңірінде жаңадан пайдалануға берілген емхана бүгінде заңды түрде халыққа қызмет көрсетуде. Тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігі, осы сынды мектеп, бала- бақша, спорт нысандары жұмысының жүйелі жүргізілуі, жаңаруы, ауылдардағы жол, ауыз су, жарықтандыру мәселелері жаппай айтқанда барлық сала заң шеңберінде халықтың өмір сапасын жақсартуға жұмылады.
Жаңа заң ең бастысы— адамның қорғаны. Бүгінгі қоғам көрсетіп отырған, желіде желдей есіп жаға ұстатқан талай мәселе оң шешімін тауып жатыр. Халық— куә. Әділеттілікті талап ететін қылмыс, ұрлық- зорлық, дау- дамайдың бірәзы ел алдында ашық заң баптарымен қаралып біржақты болып жатыр. Бұл ретте төртінші билік иесі болған тілші қауымында атап кетпеске болмас. Әлеуметтік желімен резонанс тудырып, түйінін тауып, заң мен тілді дұрыс пайдаланып жеткізе білу— жетістік. Әрі осы сынды жағдайлар арқылы халқымыздың құқықтық сауаттылығы артуда. Оған мүмкіндік беруші— жаңарған Ата Заңымыз.Әділетті қоғамда заң теңдік пен тәртіптің кепілі болып табылады. Заңның сақталуы қоғамда жауапкершілікті әрбір азаматтың саналы түрде сезіне білуінен және оны мүлтіксіз орындауынан байқалады. Құқықтық мемлекеттегі әділеттілік барлық әлеуметтік қатынастардың заңмен реттелу көрсеткішімен айқындалады.
Талқыға түскен тағы бір өзгеріс— цифрлық дәуірдегі дербес деректердің қорғалуы. Бұл ретте Қазақстан цифрлық құқықты дамытудың аймақтық орталықтарының біріне айналуда. Әрбір азаматқа заңды білу— парыз. Мәселен жаңа ел конституциясында енді ұсталған азаматтарға оның жеке құқықтарын түсіндіру міндетті. Мемлекеттік органдар заңсыз әрекет етсе одан келген шығынды өтеу нормасы, азаматтардың еңбек құқығы, мемлекет тарапынан жұмыспен қамту, зияткерлік меншік, ата- бабамыздан мұра болған тұмса табиғаттағы экологиялық мәселелер де Ата Заңда алға тартылды. Тәуелсіз еліміздің алғашқы Ата Заңы 1993 жылдың 28 қаңтарында қабылданғаны белгілі. Содан кейін Қазақстан Республикасының Ата Заңы екінші рет өңделіп, 1995 жылы 30 тамызда бүкіл халықтық референдумда жаңа Ата Заң қабылданды. Ал 2026 жылы Қазақстан конституциясы 3 мәрте қабылданып отыр.
Жалпы айтқанда ел болып еңсе тіктеу үшін заң мен тәртіп бірінші орында. Бұл жәй құқықтық құжат емес, дамушы мемлекетіміздің бағытын айқындайтын ортақ жауапкершілік пен келісім негізі. Ендігі міндет— сізбен бізге жаңа заңды ұтымды пайдалану. Әділетсіздікке тап келген әлсізге заң арқылы қол ұшын созу. Қоғамның заңға томпақ тұстарын тәртіпке салу.
Осылайша, сонау 1995 жылдан келе жатқан бұрынғы конституция енді тарих еншісінде. Келер жылдан бастап конституция күнін әз наурыздың алдында атап өтетін боламыз.
Назира Адақ

