Site icon ATAMEKEN

Жаңа Конституция – жарқын болашақтың берік негізі

 

Бүгін еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды тарихи оқиға – жаңа Конституция күшіне енді. Жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған Ата заң мемлекеттің құқықтық негіздерін одан әрі нығайтып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және елдің тұрақты дамуына жаңа серпін береді.
Конституция – кез келген мемлекеттің негізгі тірегі. Сондықтан оған енгізілген өзгерістер қоғамның бүгінгі сұранысына жауап беріп, болашақтың даму бағытын айқындайды. Қабылданған реформалардың басты мақсаты – әділетті қоғам қалыптастыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету және әрбір азаматтың мемлекет өміріне белсенді қатысуына мүмкіндік жасау.
Білім беру саласының өкілі ретінде мен үшін Конституцияда білім мен ғылымның дамуына басымдық берілуі ерекше маңызды. Өйткені сапалы білім – елдің бәсекеге қабілеттілігінің басты көрсеткіші. Жастардың білім алып, ғылыммен айналысуына, жаңа идеяларын жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасау – еліміздің болашағына салынған инвестиция. Саналы, білімді ұрпақ қана Қазақстанның тұрақты дамуына өз үлесін қоса алады.
Сонымен қатар отбасы институтын нығайтуға, ұлттық құндылықтарды сақтауға және жас ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған қағидаттардың маңызы зор. Отбасы – қоғамның негізі. Сондықтан өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік, жауапкершілік, еңбекқорлық және адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бұл бағыттағы конституциялық ұстанымдар қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты одан әрі нығайтуға қызмет етеді.
Азаматтардың құқықтарын қорғау мен заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған өзгерістер де ерекше назар аударуға тұрарлық. Заңның үстемдігі сақталған жерде әділеттілік орнығып, халықтың мемлекетке деген сенімі артады. Бұл еліміздің тұрақты дамуы мен қоғамдық келісімнің берік негізі болмақ.

Жаңа Конституцияның күшіне енуі – әрбір азаматқа жаңа мүмкіндіктер мен үлкен жауапкершілік жүктейді. Оның негізгі қағидаттарын өмірде тиімді жүзеге асыру арқылы ғана біз әділетті, білімді және бірлігі бекем қоғам қалыптастыра аламыз.
Мен жаңа Конституция еліміздің жарқын болашағына қызмет ететін маңызды құжат ретінде өз нәтижесін береді деп сенемін. Оның игілігін әрбір отбасы, әрбір жас және бүкіл қоғам сезінеді деп ойлаймын.

Гүлзира Станқұлова,
Жамбыл ауданының Аналар кеңесінің төрағасы,
А. Қарсақбаев атындағы орта мектептің директоры.

Exit mobile version