Конституциялық Соттың төрағасы, Конституциялық комиссияның төрағасы Эльвира Азимованың «Жаңа Конституция жобасында Егемендік пен Тәуелсіздік, унитарлық, аумақтық тұтастық, Республиканың басқару нысаны ешқашан өзгермейтін құндылықтар қатарында» деген пікірі жүргізіліп жатқан конституциялық реформалардың іргелі негізін айқын көрсетеді. Бұл қағидаттар мемлекеттіліктің берік тұғыры ретінде Қазақстанның саяси және құқықтық дамуының басты бағдарынан ешқашан ауытқымайтынын білдіреді.
Аталған нормалардың өзгермейтін құндылықтар ретінде бекітілуі елдің біртұтастығын, аумақтық тұтастығын және мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл өз кезегінде қоғамда сенім мен саяси тұрақтылықты нығайтып, мемлекеттің тәуелсіз даму жолын заңдық тұрғыдан қорғауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, мұндай ұстаным азаматтардың Конституцияға деген сенімін арттырып, кез келген реформаның ұлттық мүдде мен тарихи жауапкершілікке негізделетінін көрсетеді. Егемендік пен Тәуелсіздіктің мызғымас құндылықтар ретінде белгіленуі – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің көрінісі.
Жалпы, Эльвира Азимова атап өткен бұл қағидалар Конституциялық реформаның түпкі мақсаты – мемлекеттілікті нығайта отырып, құқықтық және демократиялық институттарды дамытуға бағытталғанын айғақтайды және «Әділетті Қазақстанды» құру жолындағы маңызды саяси-құқықтық бағдар ретінде бағалануға тиіс.
Әбу Әйгерім, Атамекен газетінің бас редакторы.

