Қазақтың ұлы гуманист-күрескері Ахмет Байтұрсынов туралы жаңа фильм жарыққа шықты.
Толықметражды тарихи драма Ақаңның сұлу да қасіретті тағдырының мәлім-беймәлім қырларын паш етеді.
Мамырдың 23-інен бастап еліміздің кинотеатрларында «Соңғы үкім» толықметражды көркем фильмі көрсетіледі. Бұл фильм бар білімі бастауыш мектеп мұғалімі ғана, бірақ Россия империясы мен Европаның айтулы университеттерін тәмамдаған білімпаз қазақ зиялыларының алғашқы толқыны ұстаз деп мойындаған әзіз тұлға туралы. Бұл фильм ана тілінің қыр-сырын танып, жоқ жерден терең ғылым жасаған, сол тілді туған елінің өнер-білім игеріп, озық жұрттың қатарына іліну жолындағы құралы етуге бар білігі мен қайратын жұмсаған ғажайып ғалым туралы. XX ғасырдың бас шеніндегі ірі түрколог ғалымдар оны өздеріне тең тұтқанмен, ол мұғалім деген сөзді өзі үшін ең құрметті атақ деп білді.