🔹 2026 жылғы 9 қарашада Түркияның Анталья қаласында БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі 31-конференциясы (COP31) шеңберінде, Денсаулық күніне орай Қазақстанның ұлттық павильонында ана мен жаңа туған нәрестелердің денсаулығын жаһандық жылыну жағдайында қорғауға арналған жоғары деңгейдегі іс-шара өтеді.
🤝 Іс-шараны ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен (ДДҰ) және БҰҰ-ның Халық қоныстану саласындағы қорымен (ЮНФПА) бірлесіп ұйымдастырады.
Іс-шараға Исландияның бұрынғы Премьер-министрі, Климат және денсаулық жөніндегі жалпыеуропалық комиссияның төрайымы Катрин Якобсдоуттир, сондай-ақ ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросы директорының міндетін атқарушы Коринн Капуано бастаған жоғары лауазымды өкілдер қатысады. Сонымен қатар талқылауға зерттеушілер, халықаралық серіктестер мен денсаулық сақтау саласының сарапшылары қосылады.
Температураның жоғарылауы мен аптап ыстық қоғамдық денсаулыққа елеулі қауіп төндіретін факторлар ретінде қарастырылып отыр. Олар жүкті әйелдердің денсаулығына, жүктіліктің өтуіне және жаңа туған нәрестелердің жағдайына кері әсер етуі мүмкін.
Жаһандық жылыну жағдайында ана мен нәресте денсаулығын қорғау үшін ғылыми дәлелдер базасын кеңейту, үйлестірілген шаралар қабылдау, сондай-ақ климаттың өзгеруіне байланысты денсаулыққа төнетін қауіптерді ұлттық саясат пен медициналық көмек көрсету жүйесіне енгізу қажет.
🔬 Бағдарлама шеңберінде Гент университеті мен ЮНФПА-ның Қазақстанда жүргізген аптап ыстықтың денсаулыққа әсерін зерттеу нәтижелері таныстырылады. Зерттеу жоғары температураның әсері мен жүктіліктің нәтижелерінің арасындағы байланысты зерделеуге арналған. Сондай-ақ Арал теңізі бассейніндегі қоршаған орта өзгерістерінің жүктіліктің өтуіне және босану нәтижелеріне әсері туралы баяндалады. Бұл ретте экологиялық ахуалдың нашарлауы салдарынан осал өңірлердің бірінде халық денсаулығына төнетін қауіптерге ерекше назар аударылады.
«Ғылыми деректерден практикалық іс-қимылға дейін: жаһандық жылыну жағдайында жүкті әйелдерді қорғаудың қандай шаралары тиімді?» тақырыбындағы модераторлық панельдік пікірталас барысында қатысушылар зерттеу нәтижелерін нақты практикалық шараларға айналдыру жолдарын талқылайды.
Денсаулық сақтау саясатын әзірлеуде ғылыми деректерді пайдалану, денсаулық сақтау жүйесінің климаттық қауіптерге дайындығын күшейту, сондай-ақ климаттың өзгеруі жағдайында жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерді қорғаудың тиімді шараларын енгізу мәселелеріне басымдық беріледі.

