Бұл оқу жылында ауданның білім беру саласы мазмұнды өзгерістермен толығып, оқушылардың зияткерлік, шығармашылық әлеуетін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді.
Бүгінде ауданда 65 мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 8 бастауыш, 6 негізгі және 51 жалпы орта білім беретін білім ошағы бар. Аталған мектептерде 38 776 оқушы білім алуда. Биыл 11-сыныпты 2246 түлек тамамдаса, олардың 174-і «Алтын белгіге» үміткер атанып отыр. Түлектердің 95 пайызы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдіріп, білім бәйгесінде бақ сынауға дайын.
Жалпы орта білім беру ұйымдарында 4078 педагог еңбек етіп, ұрпақ тәрбиесі жолында тынымсыз қызмет атқаруда. Сонымен қатар, мектепке дейінгі білім беру саласында да ілгерілеушілік бар. Аудандағы 18 мемлекеттік және 98 жекеменшік балабақшада 12 180 бала тәрбиеленуде.
Өткен оқу жылы аудан оқушылары үшін жетістіктерге толы болды. Әсіресе, әдеби оқулар мен тілдік, танымдық байқауларда оқушыларымыз жоғары нәтиже көрсетті. Ұзынағаш №1 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Салга Мөлдір «Ділмар» байқауында облыстық кезеңде І орынды иеленіп, республикалық кезеңде арнайы жүлдеге ие болды. Сонымен қатар, ол облыстық «Абай оқуларында» да үздік шығып, республикалық кезеңге жолдама алды. Бұл – жас буынның сөз өнеріне, ұлттық құндылықтарға деген құрметінің айқын көрінісі.
Қазақ тілі мен әдебиеті бағытындағы білім сайыстарында да аудан намысын қорғаған оқушылар аз емес. Ұзынағаш №1 мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Балтабай Назерке Алпамысқызы облыстық Қанипа Бұғыбаева атындағы олимпиадада І дәрежелі дипломға ие болды. Оның жетекшісі – тәжірибелі ұстаз Сарыбаева Анара Сламбековна. Сондай-ақ, Қарғалы №3 орта мектебінің 11-сынып оқушысы Саотбай Әсемай осы олимпиадада ІІ орын иеленіп, республикалық кезеңде арнайы жүлдемен марапатталды. Жетекшісі – Отарова Дина Кульджановна.
Аудан оқушыларының әдеби-танымдық бағыттағы байқаулардағы жетістіктері де көңіл қуантады. Мыңбаев ауылындағы орта мектептің 11 «Б» сынып оқушысы Мұхатай Ләйлахан облыстық «Абайтану» олимпиадасында ІІ дәрежелі дипломмен марапатталса, Қайназар №1 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Алдебаева Гүлдәурен Мұхтарқызы «Мәшһүр Жүсіп» оқуларында эссе жазу бағытынан ІІ орынды иеленді.
Қ.Әбсәметов атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Афтандилұлы Бақытқожа облыстық «Мағжан оқуларында» ІІІ орынға ие болды. «Махамбет оқуларында» Еңбекшіарал орта мектебінің 11-сынып оқушысы Қондыбаев Досым І орынды иеленіп, республикалық кезеңде арнайы жүлдеге қол жеткізсе, Қарғалы №1 орта мектебінің 9-сынып оқушысы Молдабаева Ақнұр ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен бірге Қарғалы №3 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Махмудов Ербатыр ІІІ орын иеленді.
Шығармашылық қабілеттерін шыңдауда «Ақберен» республикалық өнер байқауының да маңызы зор. Осы байқаудың «Шешендік, білгірлік сайысы» номинациясында 9-сынып оқушысы Марат Әдемі ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
Ал «Ілияс Жансүгіров оқуларында» Орынбай Мөлдір «Сұлу сөздің сүлейі» номинациясы бойынша ІІІ дәрежелі дипломға ие болды. Қайназар №2 орта мектебінің 8-сынып оқушысы Өсерханқызы Айнұр «Ілияс – эпик ақын» номинациясында ІІ дәрежелі дипломмен марапатталса, Үлгілі орта мектебінің 8-сынып оқушысы Мақсұтқан Раяна ІІІ орынды иеленді.
Әдебиет әлеміндегі тағы бір маңызды жетістік – «Әбіш Кекілбаев» оқулары. Бұл байқауда Абай атындағы гимназия мектебінің 11-сынып оқушысы Нұржанұлы Дархан ІІІ орынды иеленді. Сондай-ақ, осы білім ордасының оқушысы Ғұмырзақ Иманәлі «Абайтану» олимпиадасында ІІ орын алып, республикалық кезеңде сертификатпен марапатталды.
Аудан оқушылары тек әдеби бағытта ғана емес, пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобаларда да жоғары нәтижелер көрсетуде. Республикалық пәндік олимпиадаларда география, химия, орыс тілі пәндері бойынша жүлделі орындар алынды. Ғылыми жобалар байқауында Өтебай Шыңғысхан қазақ тілі мен әдебиеті бағыты бойынша ІІІ орынды иеленсе, облыстық кезеңде химия пәнінен Берікбай Минар І орын алды.
Халықаралық деңгейдегі жетістіктер де бар. «First Robotics» робототехника бойынша халықаралық біріншілікте Ү. Кәрібаев атындағы орта мектеп пен Абай атындағы гимназия мектебінің оқушылары ІІІ орынға ие болды. Сонымен қатар, республикалық «Жыр алыбы – Жамбыл» айтысында Қарғалы №3 орта мектебінің оқушысы Зинулла Ақнұр Бас жүлдені жеңіп алды.
Математика, зерттеу, зияткерлік бағыттағы байқауларда да аудан оқушыларының мерейі үстем болды. «Алтын сақа» олимпиадасында Бейсен Айша ІІІ орын иеленсе, Тақылбекұлы Ерасыл І орынды жеңіп алды. «Алтын түлек» олимпиадасында бірнеше оқушы грант иегері атанды.
Жас ұрпақты тәрбиелеу ісінде тек білім беру ғана емес, тәрбие жұмыстары да басты назарда. Аудан мектептерінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы мен «Заң мен тәртіп» қағидалары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Түнгі қаладағы балалар», «Көше» рейдтік іс-шаралары ұйымдастырылып, ата-аналармен тығыз байланыс орнатылды.
Сонымен қатар, жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, нашақорлықтың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігі ерекше назарда. Барлық мектептерде «Қауіпсіз жаз» іс-шаралары өткізіліп, ата-аналарға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. 1–10 сыныптағы 36 426 оқушы жазғы маусымда мектеп жанындағы «Жазғы алаңдармен» қамтылатын болады.
Бұл алаңдарда «Жас математик», «Жас қаламгер», «Жас биолог», «Робототехника», «Дебат», «Өлкетану» сынды үйірмелер жұмыс істеп, оқушылардың қызығушылықтарын дамытуға мүмкіндік береді.
Экологиялық тәрбие де назардан тыс қалған жоқ. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында аудан мектептерінде ауқымды жұмыстар атқарылды. «Жаса, жайна туған өлкем!» челленджіне 500-ден астам оқушы мен ұстаз қатысып, «Түлектер аллеясы» аясында мыңдаған көшет отырғызылды. Бұл игі бастамалар жас ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етуде.
2025–2026 оқу жылы 25 мамырда өз мәресіне жетті. Оқу жылының аяқталуына орай барлық білім беру ұйымдарында «Білімім – Отаныма!» атты республикалық сынып сағаттары өткізілді.
Алдағы уақытта 9-сынып оқушылары 29 мамыр мен 11 маусым аралығында қорытынды емтихандар тапсырады, ал 11-сынып түлектері үшін мемлекеттік емтихандар 2–15 маусым күндері өтеді. Аттестат табыстау рәсімі маусым айының 17–18 күндеріне жоспарланған.
Жамбыл ауданының білім беру жүйесі – үнемі даму үстіндегі үлкен орта. Әрбір жетістік – ұстаздардың қажырлы еңбегінің, оқушылар талпынысының және ата-аналардың қолдауының нәтижесі.
Алдағы уақытта да аудан мектептері білім сапасын арттыру жолында жаңа белестерді бағындырып, ел болашағы – жас ұрпақ тәрбиесінде жоғары нәтижелерге қол жеткізе беретініне сенім мол.
С. АЛТЫНБЕКОВА,
Жамбыл аудандық білім бөлімінің басшысы.
