Алматы облысында мемлекеттік рәміздер күніне орай 150-ден астам іс-шара өткізілді. Өңір тұрғындары түрлі акцияларда, флешмобтар мен байқауларда мемлекеттік рәміздерге деген құрметін білдіреді.
Алматы облыстық басқармаларының қызметкерлері ҚР Мемлекеттік рәміздеріне құрмет көрсетіп, әнұранды орындады. Акцияға ересек қатысушылардан басқа балабақшалар мен мектеп қабырғасындағы бүлдіршіндер қатысты.
Алматы облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетовтің айтуынша, мұндай патриоттық акцияны әсіресе жастар үшін өткізу өте маңызды.
— Бұл іс-шара жас ұрпақтың Отанға, еліміздің мемлекеттік рәміздеріне деген сүйіспеншілігі мен құрметін оятады. Ту, Елтаңба, Әнұран-біздің ортақ игілігіміз, болашаққа сенім ұялатады. Олар-қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың қайнар көздері. Біз мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеп, өскелең ұрпақты өз елінің тарихын, оның жеңістерін құрметтеуге және оларды мақтан етуге үйретуіміз керек, — деді өз сөзінде.
Содан кейін облыстық басқармалардың бірінің қызметкері Дәурен Болат салтанатты түрде мемлекеттік қызметшінің антын қабылдады. Өз антында ол халықтың игілігі үшін қызмет етуге уәде берді.
Бұл күні еліміздің басты мемлекеттік рәміздерінің біріне Панфилов және Жамбыл аудандарының тұрғындары ерекше құрмет көрсетті. Мереке күні, Жамбыл ауылдық округінде 6 метрлік тутұғыр орнатылса, Тұрпан ауылында аталған нысанның биіктігі 13 метрге дейін жеткізіліп, онда да көк байрағымыз көкке көтерілді.
Бұдан басқа, талдықорғандық жас суретшілер Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Объективтегі ART әлем» байқауында қылқламынан туындаған көркем суреттерде өздерінің патриоттық көзқарастарын білдірді. Іс-шара барысында № 45 балабақшаның бүлдіршіндері ҚР Әнұранын орындады. Іс-шараны Алматы облысы ішкі саясат басқармасының «Jetisý media» КММ ұйымдастырды.
Өз кезегінде, «Қоғамдық келісім» КММ мемлекеттік туды құс ұшатын биіктікке әуе шарымен көтеріп, қастерледі.
Өткізілген барлық іс-шаралар халықтың бойында адамгершілік-патриоттық сезімді тәрбиелейді, мемлекеттік рәміздерге деген сүйіспеншілік пен құрметтің артуына ықпал етеді.