Site icon Атамекен

Жетісу облысында банкроттыққа 500-ден астам адам өтініш берді

3 наурыздан бастап елімізде «Банкроттық туралы» заң күшіне енді. Көптеген азаматтар ережені толық білмегендіктен, халыққа қызмет көрсету орталықтарына дайындықсыз келуде. Банкроттыққа өтініш білдіргісі келетін азаматтар заңның қандай ережелерді білу керек? Бұл туралы Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті оңалту және банкроттық бөлімінің басшысы Асқар Қамзаев Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтып берді.
«Өткен жұмадағы мәліметтер бойынша, облыста барлығы 517 өтініш мемлекеттік кірістер органдарына қарауға түсті. Өтінімдерді іріктеп, талдау барысында олардың көпшілігіне сәйкес емес құжаттар тіркелгені анықталды, яғни банктермен берешекті есептегенін растайтын құжаттың орнына, банктен қарыз туралы анықтама, несие тарихы, мемлекеттік кредиттік бюроның немесе бірінші несиелік бюроның сайтынан үзінді, немесе маған банкрот жарилауыңызды сұраймын деген мәтіні бар сканерленген хаттар келді», — дейді Асқар Қамзаев. Мұндай мәлімдемелер бойынша бас тартулар сөзсіз болады. Ал заңға сәйкес қайта өтінішті борышкерлер 3 ай мерзім өткеннен кейін ғана жібере алады.
«Банктермен және микрокредиттік ұйымдармен берешекті реттеу рәсімінен өтпей, бұл шарт міндетті болып табылады. Қай банкке қанша және соңғы рет қашан төленгенін білу керек. Сол үшін де азаматтар банкроттыққа өтініш бермес бұрын алдын-ала дайындалуы керек. Мәселен, ЭСҚ алудан бастаған жөн. Сондай-ақ, қарыздарыңыз туралы білу үшін несиелік бюроның веб-сайтына кіріңіз. Соттан тыс банкроттықты қолдану үшін борыш сомасы 5 млн. 520 мың теңгеден аспауы тиіс, ал төлемді кешіктіру мерзімі 12 айдан астам болуы тиіс», — деді спикер.
Екінші қадам – мүліктің жеке немесе ортақ меншікте екенін анықтау, ол үшін Egov.kz электронды үкімет порталына өту қажет.
Үшінші қадам – кредитормен (екінші деңгейлі банк немесе микроқаржы ұйымы) қарызды өтеу туралы құжатты беру керек.
«Сонымен қатар, егер соңғы 6 айда атаулы әлеуметтік көмек алған болсаңыз, онда төлемді кешіктірудің 12 айы өтпесе де, соттан тыс банкроттық рәсімі қолданылады. Егер сізде 5 жыл бойы өтелмеген несиелеріңіз болса, қарыз сомасына, мүліктің болуына қарамастан, сіз соттан тыс банкроттық туралы арыз бере аласыз. Бұл ретте банктің немесе микроқаржы ұйымының берешекті өтеуден бас тарту туралы жауабы талап етілмейді», — деп атап өтті Асқар Берікболұлы.
Төртінші қадам – телефон нөмірі мен жұбайының мобильді азаматтар базасында тіркелгеніне көз жеткізу. Болмаған жағдайда my.egov.kz сайтында тіркеліңіз.
Бесінші қадам – Egov.kz немесе e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы арқылы немесе жақын жердегі Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы соттан тыс банкроттық рәсіміне өтініш жіберу.
Алтыншы қадам – соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішті толтыру кезінде 1414 сервисінен СМС-хабарлама арқылы жұбайының дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісімін алу керек, ол (зайыбы) бас тартқан жағдайда өтініш қабылданбайды.
Жетінші қадам – 15 жұмыс күні ішінде 1414 қызметінен СМС-хабарлама арқылы борышкердің өтінішін қарау нәтижесін алу.
«Екінші процедура: сот банкроттығы. Бұл тәртіпті 5,5 миллион теңгеден асатын қарыздарға қолдануға болады. Оның мақсаты – банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру. Егер бір тұрғын үй кепіл нысаны болса, несие беруші оны сот арқылы банкроттық деп тану барысында қайтарып алуға құқылы», — деді спикер.
Сот немесе соттан тыс банкроттыққа жүгінгендер банктер мен МҚҰ-дан 5 жыл бойы несие ала алмайды. Сонымен қатар, банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі.
Айта кету керек, алимент өндіру, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу, сондай-ақ, қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін келтірілген зиянды өтеу бойынша берешек есептен шығаруға жатпайды.
«Үшінші процедура – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі. Ол сот өндірісінде қолданылады. Оның шеңберінде борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге бағытталған борышкерге қаржылық, құқықтық және басқа да шаралар қолданылады. Бұл рәсім бөліп төлеу жоспарын алуды немесе қарызды төлеуді кейінге қалдыруды (5 жылға дейін) қарастырады. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары қаржы менеджерімен бірлесіп әзірленіп, сотта бекітіледі», — деп сөзін қорытындылады Асқар Берікболұлы.

Exit mobile version