Site icon ATAMEKEN

Жолдау жүктеген міндет – ел дамуының жаңа кезеңі

 

«Атамекен» газетінің редакция ұжымы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын талқылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазанда жарияланған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы ел дамуының алдағы басымдықтарын айқындаған маңызды саяси құжат болды. Осыған орай «Атамекен» газетінің редакция ұжымы бас қосып, Жолдаудың негізгі бағыттары мен алға қойылған міндеттерді талқылады.

Дөңгелек үстел барысында Президенттің ел экономикасын дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті қолдау, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және цифрлық технологияларды кеңінен енгізу жөніндегі бастамаларына назар аударылды.

Әсіресе, Жолдауда көтерілген ауқымды инфрақұрылымдық жобалар, ауыл-аймақтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, жол, ауызсу, энергетика және әлеуметтік нысандарды дамыту мәселелерінің маңызы атап өтілді. Өйткені елдің өркендеуі ең алдымен өңірлердің дамуымен, тұрғындардың өмір сүру сапасының артуымен тығыз байланысты.

Сонымен қатар жасанды интеллект пен цифрлық экономиканы дамыту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, заң үстемдігін қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру бағыттары да талқылау өзегіне айналды.

Редакция ұжымы үшін Жолдауда айтылған міндеттердің ақпараттық кеңістіктегі маңызы ерекше. Себебі баспасөздің басты міндеті – мемлекеттік саясаттың мәні мен мазмұнын халыққа түсінікті жеткізу, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеру, ел дамуына қатысты бастамалардың жүзеге асырылуын ақпараттық тұрғыдан сүйемелдеу.

Бүгінгі таңда аудандық басылымдардың да жауапкершілігі жоғары. Ауыл тұрғындарын толғандырған мәселелерді жариялап, оң өзгерістер мен игі бастамаларды насихаттау – жергілікті баспасөздің маңызды міндеттерінің бірі.

Дөңгелек үстел қорытындысында редакция қызметкерлері Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді ақпараттық тұрғыдан кеңінен насихаттаудың маңыздылығын атап өтті. Ел дамуы жолындағы бастамалардың жүзеге асуына әр азамат өз үлесін қосуы қажет. Ал бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық пікір қалыптастырудағы рөлі айрықша.

Exit mobile version