Site icon ATAMEKEN

Жол жүрісі қағидалары өзгерді: жүргізушілер нені білуі керек?

Қазақстанда жол жүрісі қағидаларына бірқатар өзгеріс енгізілді. Жаңа талаптар жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейтуге, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жүргізушілердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Бұл туралы Астана қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Уваев мәлімдеді.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы өзгерістер жаңа бейнебақылау жүйелерін енгізуді, «вафельді» жол таңбасы бар қиылыстардағы талаптарды сақтауды, электр самокаттарын пайдалануды реттеуді және жекелеген санаттағы жүргізушілерге қойылатын талаптарды күшейтуді қамтиды.

Жаңа камералар қандай құқық бұзушылықтарды тіркейді?

Биыл наурыз айынан бастап Астанада «Сергек» жүйесімен қатар интеллектуалды бейнебақылау кешендері іске қосылды. Жаңа жүйелер жол қозғалысы ережелерін бұзудың 15 түрін автоматты түрде анықтай алады.

Бейнебақылау кешендері кезең-кезеңімен енгізілгеннен бері қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарудың 20 мыңнан астам дерегі, көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдаланудың шамамен 2,5 мың жағдайы және жүргізушілердің жаяу жүргіншілерге жол бермеген 127 фактісі тіркелген.

Сонымен бірге жаңа камералар қосымша айыппұл түрлерін енгізбейді. Олар қолданыстағы заңнамада жауапкершілік қарастырылған құқық бұзушылықтарды ғана автоматты түрде тіркейді.

«Вафельді» қиылыстарда қандай талап бар?

«Вафельді» жол таңбасы бар қиылыстар көлік кептелісінің алдын алып, қозғалыстың үздіксіз жүруін қамтамасыз ету үшін енгізілген.

Жүргізуші қиылысқа оны тоқтамай толық кесіп өте алатынына көзі жеткен жағдайда ғана кіруі тиіс. Егер алдағы жол бөлігі кептеліп, көлік қиылыстың ортасында тоқтап қалуы мүмкін болса, жүргізуші қиылысқа кірмеуі қажет.

Аталған талапты бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 594-бабының 1-бөлігіне сәйкес 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Электр самокаттарына қойылатын талаптар күшейтілді

1 шілдеден бастап электр самокаттарын пайдалануға қатысты жаңа талаптар күшіне енді.

Енді жалға берілетін электр самокаттары міндетті мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс. Мұндай көлік құралдарын тек А1, А немесе В санатындағы жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана басқара алады.

Ал 25 тамыздан бастап электр самокаттарының тротуарлармен және жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салынады. Олар велосипед жолақтарымен, ал ондай жол болмаған жағдайда жолдың оң жақ жиегімен қозғалуға міндетті.

Сондай-ақ сағатына 50 шақырымнан жоғары жылдамдықпен жүретін мотовелосипедтер мопедтерге теңестіріліп, міндетті мемлекеттік тіркеуден өтеді. Электр самокаттары мен мотовелосипедтерді пайдаланған кезде қорғаныш құралдары мен жарық шағылыстыратын элементтерді қолдану міндеттеледі.

Қазіргі уақытта жол ережесін бұзған электр самокаттарын мемлекеттік тіркеу нөмірі арқылы автоматты түрде анықтайтын жүйе енгізіліп жатыр.

65 жастан асқан жүргізушілер медициналық тексеруден өтеді

25 тамыздан бастап 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілер екі жыл сайын міндетті медициналық тексеруден өтуі қажет.

Медициналық тексеруден өткені туралы мәлімет Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелері арқылы автоматты түрде алмасады. Жүргізушіден қағаз түріндегі медициналық анықтама талап етілмейді.

Егер азамат белгіленген мерзімде медициналық тексеруден өтпесе немесе дәрігерлер көлік басқаруға кедергі келтіретін медициналық қарсы көрсетілім анықтаса, оның көлік құралын басқару құқығы тоқтатылуы мүмкін.

Жаңа талаптардың негізгі мақсаты – айыппұл көлемін немесе құқық бұзушылықтар санын көбейту емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Жүргізушілер енгізілген өзгерістерді мұқият ескеріп, жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауы қажет.

Exit mobile version