Мемлекеттік грантпен ЖОО-нын үздік бітірген түлектер 1 жыл ішінде аудандық, ауылдық деңгейдегі мемлекеттік органдардағы төменгі лауазымдарға конкурссыз орналаса алады. Бұл туралы бүгінгі өткен баспасөз мәслихатында Алматы облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің (МҚІД) басшысы Ләззат Бейсеқұлова айтты.
Департамент басшысының мәліметінше, МҚІД басты міндеттерінің бірі — мемлекеттік қызметте жұмыс істей алатын дарынды жастарды іріктеу. Президенттің мемлекеттік қызметке кіруді және шығудағы артық кедергілерді жою және жеңілдету туралы тапсырмасына сәйкес, Агенттікпен жаңа тәсілдер әзірленіп, арнайы заңға қажетті түзетулер енгізілді. Бұл шаралар талантты әрі білікті мамандарды мемлекеттік қызметке тартуға, оларды ынталандыруға, өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға бағытталған.
«Атап айтсақ, біріншіден, мемлекеттік грантпен оқу орындарын аяқтаған үздік түлектер аудан мен ауылда төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындалады. Екіншіден, «Б» корпусының жоғары лауазымдарына, мысалы облыстық деңгейде басқарма немесе департамент басшысы лауазымдарына уәкілетті органның келісімімен конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау мүмкіндігі бар. Үшіншіден, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жоғары үлгерімін көрсеткен магистранттар мен докторанттар оқуды бітіргеннен кейін 1 жыл ішінде жергілікті және орталық мемлекеттік органдардың жекелеген лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындау қарастырылды», — деді Ләззат Мұқатайқызы.
Сонымен қатар спикер баспасөз-конференциясы барысында мемлекеттік қызметке іріктеу және қабылдау процесін толық цифрландыру мәселелері бойынша бірқатар шаралар қабылданып жатқанын айтты.
«Агенттік биылғы жылдың екінші жартыжылдығында «ПМКР 3.0» Президенттік жастар кадрлық резервіне кезекті үшінші іріктеуді өткізуді жоспарлап отыр», — деді Ләззат Бейсеқұлова.
Айта кетейік, өңірде мемлекеттік қызметкерлердің саны – 3703.