Қазақ өнері мен мәдениетінде 100 жасаған ғұмырлы тарланбоздар туралы бұған дейін естімеппіз… Интернет шолып, тарихи құжаттамаларды ақтарғанмен ондай деректі кездестіре алмадық.
Кеңестік «қызыл журналистика институтының» түлегі – қазіргі тілмен айтқанда, атақты ҚазМУ-дің филология факультетінде ашылған журналистика бөлімінің алғашқы қарлығаштарының бірі – алматылық журналист Ханымбүбі Ақжолова апамыз айды аспанға шығарып, күні кеше жасы 100-ге толды. «Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері» құрметті атағын қаламгер осыдан жарты ғасыр бұрын, яғни 1971 жылы зейнет жасына жеткенде иеленген екен.
Енді … санасы сергек, жады мықты бақуат апамыздың өз әңгімесіне құлақ түріп көрелік.
–Майданнан келетін «қара қағаздың» әлі де қардай борап басылмай тұрған 1944-ші жылдың жазы. Аудандық газет маған белсенді ауыл тілшісі әрі өнегелі коммунист деп университетке жолдама берді. Өте қиын кезең. Таң атпай 500 грамм қара нан үшін кезекке тұрамыз, одан сабаққа жүгіреміз… Барлығы 14 студенттің ішінде қыз баладан – Тәслима Қарабалина екуміз ғана. Жігіттерден – соғыстан жаралы оралған Кемел Тоқаев (Қазақстан Президенті Қасымжомарт Тоқаевтың әкесі), кейін министр дәрежесіне жеткен Мүсілім Базарбаев, атақты ғалым, жазушы-журналист Мұқан Мамажанов, павлодарлық Петр Молчин мен Рафағат, әкесінің атын ұмытыппын, бәріміз бір курста тату-тәтті сыйласып, соғыстың зардабын еске алып кейде мұңдасып, бірге жүріп, жеңістің қуанышын бірге көріп, оқуымызды бітірдік. Жаны жайсаң сол құрбы-құрдастарымның барлығы да бақилық дүниеде, жандары жанатты болсын!
Ұстаздарын ұмытпаған Ханымбүбі апамыз «Пешенемізге қазақтың даңқты ұлдары Мұхтар Әуезов, Бейсембай Кенжебаев, Мәулен Балақаев, Сақтаған Бәйішов сынды сарабдал азаматтардан дәріс алу жазыпты» дейді.
–Бірде Мұхтар Әуезов кезекті лекциясын үйде оқыды. Бәріміз белгіленген уақыттан он-он бес минут ерте қамданып, жұмыс бөлмесі-ау шамасы, үлкен жарық залға имене кірдік. Маңдай жарқырап Ұлы ұстаз да кеп қалды. Жалма-жан орнымыздан ұшып тұрдық. Сондайлық ілтифатпен ишарат жасаған Әуезов, кенет: «Әп-пәле, мына екі бала неге төмен отыр? Атамыз қазақ қыз баланы ерекше құрметтеген. Кәне, төрге шығыңдар!» деді. Атағы жер жарған даңқты ұстазымыздың құрметін сезінген Тәслима екеуміздің сонда бетіміз оттай жанып, төрге оздық, мәңгілік ұмытпаймын…
1949 жылы оқу орнын ойдағыдай тәмамдаған Ханымбүбі Ақжолованы республикалық «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») аттай қалап, қызметке алады. Қолына қаламын ерте алған тілшілік жазудан тәжірибесі бар дипломды журналист-коммунист алғашқы күннен құлшынып іске кірісіп кетеді. Бір күні, соғыста отағасы мен үш бірдей бауырынан, ет-жақын ағайындарын айырылған Естеу анасы «Күнім, оқуың ойдағыдай бітті, сен енді өз жолыңды табарсың, мен Самсыға, туған жеріме қайтайын» деп қиғылық салады. Жан дегенде жалғыз анасын қимаған қайсар қыз газеттің редакторына бар жайтты түсіндереді. «Кері жолдың жоқ екенін» ұғынған редактор Тілеулес Балтағожин сол мезетте Алматы облысының хатшысы Ж.Жанғожинмен сөйлесіпті. «Қарағым, сенің орның біздің газет еді, амал не, тауқымет тартқан анаңды жалғыз тастамғаныңды мен де құптаймын, облыс басшысы сені туған жеріңде жаңа қызметке тағайындады, ақ жол, балам…» деп батасын беріп, шығарып салады.
Қызыл дипломды Ханымбүбі Ақжолова Жамбыл аудандық «Большевиктік жол» («Екпінді еңбек») газетіне редактор болып тағайындалады. Өмір-тарихының жаңа парақтары ашылады. Қаламгер-қайраткер 90 жасқа толған кезде шәкірті санатында «Егемен Қазақтан» газетіне «Бір түйір «улы» қорғасын» атты менің жазған мақаламдағы адам тағдырына байланысты оқыс оқиға апамыздың қасіретті өмірбаян жолдарындағы екінші парақ беттері-тін…
Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» («Атамекен») газетінде бес жылдай қоян-қолтық еңбек еткен кезімізде, аяулы анамыздың зейнет жасында қызмет істеп жүргенін де сезбеппіз ғой!.. Редакциядағы партия жетекшісі Ақжолова апамыздың жарғақ құлағы жастықққа тимей «Ертең журналистік-партиялық қызметте дәрежелеріңнің өсуіне бір себін тигізері хақ» деп, Нағашыбек пен Сейітханның, Сарагүлдің, Есенқұл мен Манарбектің, Рәтбек пен Нүсіптің, әрине, менің де, қолымызға күйіп тұрған коммунистік қызыл билетті ұстатқаны да есімізде!
Апамызбен қауышу, телефон арқылы тілдесу еш үзілмеген. Пандемияға қатысты жағдай біржолата телефондық байланысқа көшкен-ді. Соңғы бір тілдесенімізде, апам: «Ой алла-ай, редакция мен баспахана арасында құртақандай болып жүгіріп жүретін сендер де зейнеткерлікке шықтыңдар ма?» деп таңдана күлген. Енді бір әңгімесінде апам «1936 жыл Жамбыл жәкем Мәскеуден декададан оралғанда Ұзынағашта екі комсомол қыз аудан жастары атынан оған гүл шоғын сыйлап едік. Сонда қасиет қонған, қыдыр дарыған Ұлы бабамыз: «Бақытты бол, балам, көп жаса деп, басымнан сипап еді…» деп қалды…
…Әйгілі америкалық милиардер-меценат, саясаткер Дэвид Рокфеллер (102) де жүзден асқандар қатарында. Бірақ, ол ұзақ жасағаны үшін ең алдымен дәрігерлерге қарыздар. Миллардердің жүрегін әлемнің ең үздік хирургтері 7 рет ауыстырған.
Жүз жасаған Ханымбүбі Ақжолова апамыз қарттықтың «ермегі» дәрі-дәрмегі болмаса, осы күнге дейін доктор алдында кезек күткен кісі емес. Жаяу жүруді жаны сүйетін, нағыз қимыл шебері-тін, шәкірттеріне «журналист пен қасқырдың асыраушысы – аяғы» деп он-сан қайталап айтудан әсте жалықпайтын. Соңғы ширек ғасырда Алматыда тұрып жатқан апамыз 28-панфиловшылар саябағында серуендеуші әрі денетәриесі жаттығуларын жалықпай жасаушы апалардың қолбасшысы болғанын да көпшілігіміз біле бермейміз-ау. Иә, жүз жасаған аяулы әріптес апамыздың осындай да бір қымбат қыры бар…
Жүз жасыңыз құтты болсын, аяулы Ұстаз!
Талғат СҮЙІНБАЙ.
Алматы
СУРЕТТЕДЕ: Журналист-қайраткер Ханымбүбі АҚЖОЛОВА – елу жаста және жүз жаста. (Суреттер ардагердің жеке архивінен алынды.)