Қашанда жақсының жақсылығын айту лазым. Халқымызда «Жақсы келді дегенше, жарық келді десейші» деген қанатты тəмсіл бар. Біреу сөзімен жақсы, ал біреу көрікті келбетімен жақсы болса, тағы біреу өзінің тындырымды ісімен көзге түсіп, көңіл қуантып жатады.
Қазіргі байланыс саласы жыл өткен сайын замани қондырғылармен жарақтандырылып қарыштап даму үстінде. Интернетке жол ашық. Байланыс қызметінің көп түрлі аудан тұрғындарының күнделікті қажетіне жарауда. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы да ауданда нəтижелі жүзеге асырылып келеді. Оған дəлел бюджеттік мекемелер интернет желісіне түгелдей қосылған. Карантин кезінде ауыл тұрғындарын байланыспен қамтамасыз етіп, «Алматы телеком» ӨТД халыққа телекоммуникациялық қызметтерді жылдам қосу үшін бірқатар маңызды шараларды жүзеге асырған болатын. Талшықтыоптикалық байланыс желілері технологиясын қолдана отырып, аудан аумағындағы ауылдық елді мекендерге кең жолақты қосылыс қызметін ұсынатын телекоммуникациялық қызметтер саласындағы ең ірі жоба шалғай ауылдардың тұрғындарына бірден-бір көптеген цифрлану мүмкіндігін беріп отыр.
Аудандық «Қазақтелеком» торабының басшысы Əуелбеков Аймұрат Болатұлы осы саланың тəжірибелі маманы. Ол басқаратын мекеме өз жұмысын зор жауапкершілікпен атқарып келеді. Мұнда өз ісінің шынайы шебері атанған білікті мамандар көптеп саналады. Солардың бірі – электромонтерлер бригадирі Жеңіс Батаханов. Ол алғашқы еңбек жолын осы мекемеде электромонтер болып бастаған. Міне, содан бері 26 жыл болыпты. Осы аралықта Жеңіс тынбай еңбектеніп, шыңдалу, қалыптасу мектебінен өтті. Көптеген басшылардың қол астында жұмыс істеп, өзін тек жақсы жағынан көрсете білді. Аудан тұрғындарына да етене жақын танылып үлгерді. Күн сайын жұмыс киімімен көше аралап жүрген Жеңісті жиі көреміз. Таңертеңгі лездемеден соң өзінің қол астындағы 5-6 электромонтерлерді қасына алып, өтініш берген үйлер мен мекемелерге барады, оларға қажетті интернет пен телефон желісін қосып береді. Өйткені бүкіл аудан тұрғындары замани интернет желісін пайдалануға ынтық. Осылайша «Қазақтелекомның» қызметі тұрғындарға қолжетімді болуда.
Электромонтер де Жеңіс туралы жылы пікірін білдіріп жүр. Мекеме басшысына тұрғындар: «Бізге интернетті қосуға, телефонды орнатып беруге Жеңісті жіберсеңіз екен» деген өтінішті күн сайын айтады. Айтса айтқандай, Жеңіс салмақты, уəдеге берік ер мінезді шебер азамат. Өзінің күнделікті тындырымды жұмысымен жұртшылықққа жақсы танылған. Көп іс тындырғанды ұнататынын мінезінен бірден байқауға болады.
– Мамандығым өзіме ұнайды. Ең бастысы, халыққа қалтқысыз қызмет ете білуің керек. Ол үшін жұмысың сапалы болуы шарт. Бұрындары əр үйге бағанадан желі тартып телефон орнататынбыз. «Елу жылда – ел жаңа» демекші, тəуелсіздік алғаннан бері «Қазақтелеком» байланысы түбегейлі өзгеріп жаңарды. Соған орай электромонтерлерге қойылатын талап та күшейді. Бəрі дерлік кабелді заманауи байланыс саласына көшті. Арнайы курстардан өтіп, шеберлігімізді шыңдап жүрміз. Қазір көп оқып, көп білу қажет. Жиырма алты жыл бойы бір салада, бір мекемеде тұрақты жұмыс істеп келемін. Жас монтерлерге де өз білгенімді үйретудемін. Осы мамандығым арқылы отбасын асырап, көпшіліктің ризашылығына бөленіп, алғыс арқалап жүрмін.
Бүгінде интернетсіз тіршілік жоқ. Ал байланыстың қалыпты, əрі сапалы жұмыс істеуі, əрине, біздерге байланысты. Басшымыз Аймұрат Болатұлы болса осы саланың білікті маманы, елге сыйлы азамат. Өмір жолы тікелей байланыс саласында өткен ол өз тəжірибесін бізге үйретіп келеді. Ал біз болсақ оның шəкірті саналамыз. Ағалық ақылын айтудан жалыққан емес.
Мен өз мамандығымды мақтаныш етемін. Карантиндік шараны қатаң сақтай отырып, жұмысымызды тоқтатқан емеспіз. Алдағы уақытта да осы бағыттан айнымаймыз, – деген шебердің бұл сөзіне «еңбегің жана берсін, Жеңіс» дегеннен басқа алып-қосарымыз жоқ.
Тұрсынжан АСҚАРҰЛЫ.