Егер сіз пәтер сатып алсаңыз, үй немесе кез келген басқа жай салсаңыз, міндетті түрде объектінің төлқұжатын алуыңыз керек. Бұл сіздің жылжымайтын мүлікпен байланысты кез келген сауда-саттық үшін ең маңызды құжат. Оны екі тәсілмен: ХҚО арқылы немесе eGov порталы арқылы алуға болады. Әр әдіс туралы егжей-тегжейлі айтып өтейік.
ХҚО арқылы:
— жылжымайтын мүлік бар болған жағдайда қолданыстағы техникалық паспортын және (немесе) жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын қоса бере отырып, жылжымайтын мүлік объектісіне құқық белгілейтін құжаттар
— техникалық паспорт үшін төлемді растайтын құжат. Ол екі кезеңде ұсынылады: 1) Мемлекеттік қызмет көрсетуге өтініш берген кезде төлем баға прейскурантына сәйкес жылжымайтын мүлік объектісін мемлекеттік техникалық тексеру бойынша қызметтің базалық құны түрінде жүргізіледі; 2) жылжымайтын мүлік объектісінің техникалық паспортын алған кезде баға прейскурантына сәйкес жылжымайтын мүлік объектісін мемлекеттік техникалық тексеру бойынша орындалған жұмыс үшін толық төлем (қосымша ақы) жүргізіледі.
Портал арқылы Еgov.kz:
— Порталда авторизациядан өтіп, қызметтерді іздеу арқылы «жылжымайтын мүлік» бөлімін тауып, «жылжымайтын мүлік объектісінің техникалық паспортын алуға электрондық өтініш беру» қызметін таңдаңыз, Қызметке онлайн тапсырыс беріңіз
— Тізбеде көрсетілген құжаттарды тіркеу қажет болады
— ЭЦҚ көмегімен өтінішке қол қойыңыз
Ескерту! Пәтерлердің, жатақханалардағы бөлмелердің, жеке гараждар мен саяжай құрылыстарының құқық иелері онлайн-сұраныс жасай алады.
Құжатты дайындау мерзімі құрылымның түріне байланысты. Техникалық тексеру қорытындысы бойынша пәтердің, жатақханалардағы бөлменің техпаспорты үшінші жұмыс күні, ал жеке гараждар мен саяжай құрылыстарына — бесінші жұмыс күні беріледі.