ЖҚҮ және ӘББ статьясы
05.01.2025 ж.
1. Халықтың әлеуметтік осал топтарына жәрдемақы
Әлеуметтік қолдау: Алматы облысындағы халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған жәрдемақылар
Алматы облысында шамамен 1,6 млн. адам тұрады, оның ішінде 42,3 мың мүгедектігі бар адам, 74 мыңнан астам көп балалы отбасы және 166 мың зейнеткерлік жастағы азаматтар. Әлеуметтік осал отбасылардың әрқайсысы қолдауға мұқтаж және көмектің маңызды құралдарының бірі әлеуметтік жәрдемақыларболып табылады.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап, ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 6,5%-ға ұлғаюына байланысты, асыраушысынан айырылған жағдайда, мүгедектігі бойынша, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға, сондай-ақ бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды күтетін адамдарға берілетін әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері арттырылады. Мысалы, жалпы ауру бойынша I топ мүгедектік жәрдемақысы 95 000 теңгені құраса, 2025жылдан бастап 101 000 теңгені құрайтын болады.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері:
— мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы:
I — топ 95 496 теңгеден 101 702 теңгеге дейін ұлғаяды;
II — топ 76 397 теңгеден 81 362 теңгеге дейін;
III — топ 52 089 теңгеден 55 474 теңгеге дейін.
— көп балалы отбасыларға жәрдемақы (ай сайын):
төрт балаға 59 183 теңгеден 63 030 теңгеге дейін ұлғаяды;
бес балаға 73 988 теңгеден 78 798 теңгеге дейін ұлғаяды;
алты балаға 88 973 теңгеден 94 565 теңгеге дейін ұлғаяды;
жеті балаға 103 598 теңгеден 110 332 теңгеге дейін ұлғаяды;
сегіз балаға — әр балаға 15 728 теңгеден.
— бала туғанда берілетін жәрдемақы (біржолғы):
1, 2, 3 бала 140 296 теңгеден 149 416 теңгеге дейін ұлғаяды;
4 және одан көп бала — 232 596 теңгеден 247 716 теңгеге дейін.
— бала күтімі бойынша төлемдер (ай сайын, бала 1,5 жасқа толғанға дейін):
бірінші бала үшін — 22 649 теңге;
екінші бала үшін — 26 777 теңге;
үшінші бала үшін — 30 867 теңге;
төртінші және одан көп бала үшін — 34 995 теңге.
— Асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы:
асырауындағы бір адам үшін — 42 530 теңге;
асырауындағылар екі адам үшін — 78 588 теңге;
асырауындағылар үш адам үшін — 104 014 теңге;
асырауындағылар төрт адам үшін — 120 194 теңге;
асырауындағылар бес адам үшін — 127 129 теңге;
алты және одан да көп асырауындағылар үшін — 138 685 теңге.
Қазақстанның зейнетақы жүйесі көп деңгейлі болып табылады, азаматтар түрлі көздерден төлем алады.
2025 жылы зейнетақының ең төменгі мөлшері шамамен 62 780 теңгені құрайды, ең жоғарғы мөлшері 162 мыңнан асады. Базалық зейнетақы төлемін барлық зейнеткерлер алады. Сомма еңбек өтіліне және ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты. Оның ұлғаюымен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері де артады.
Зейнетақының жалпы мөлшері базалық және ынтымақты төлемдерді қоса есептегенде: зейнетақының ең төменгі мөлшері — 95 131 теңге; зейнетақының ең жоғары мөлшері — 213 046 теңгені құрайды. Төлемдер мөлшері жеке және әрбір адамның еңбек өтілі мен жинағына байланысты екенін атап өткен жөн.
2. Атаулы әлеуметтік көмек
Әлеуметтік қолдау: атаулы көмек және отбасының цифрлық картасы қалай жұмыс істейді
Облыста аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған әлеуметтік қолдау көрсету бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Негізгі құралдардың бірі ақшалай төлемдер мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын біріктіретін атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) болып қала береді.
Атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға беріледі. Көмек мыналарды қамтиды:
Шартсыз ақшалай көмек — еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасылар үшін, онда жұмыспен қамту шараларына қатысу талап етілмейді.
Шартты ақшалай көмек — еңбекке қабілетті мүшелері бар отбасылар үшін жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысу міндетті.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу: отбасымен әлеуметтік келісімшарт жасалады, оны бұзу төлемдерді тоқтатуға әкеп соғады.
Балаларға қосымша төлемдер: 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін 2024 жылы ай сайын 5 538 теңге қарастырылған (1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде). 2024 жылы АӘК-ті жалпы сомасы 3,3 млрд.теңгеге 34,3 мың адам (6,1 мың отбасы) алды. Алушылардың басым бөлігі балалар (67,9%), сондай-ақ балалар мен қарттарды күтумен айналысатын адамдар, студенттер мен жұмыссыздар. Отбасылардың кедейлік шегінен шығуына байланысты, жыл сайын АӘК алушылар санының төмендегені байқалады, мысалы 2023 жылмен салыстырғанда 2024 жылы АӘК алушылар саны 35%— ға төмендеді.
Сонымен қатар, атаулы қолдау көрсету үшін отбасының цифрлық картасы арқылы анықтау сипатындағы жұмыстар жүргізілуде – бұл әлеуметтік жұмыстың жаңа құралы.
2023 жылы Қазақстанда 84 параметр бойынша отбасылардың әл-ауқатының деңгейін талдайтын отбасының цифрлық картасы (ОЦК) енгізілді. Бұл нақты шараларды және облыстың даму бағдарламасын әзірлеуге мүмкіндік береді.
ОЦК көмегімен дағдарыстық санаттағы (D және E) отбасылар санын азайту бойынша әкімдердің рейтингі іске асырылды. Мәселен, Алматы облысында дағдарыс жағдайындағы отбасылар саны 168,1 мыңнан 145,7 мың отбасына дейін, 13,3%–ға төмендеді, бұл жоспарланған көрсеткіштен асып түсті.
Қиын жағдайдағы отбасылар санын азайту басымдық болып қала береді. Облыс және аудан әкімдіктерінің бірлескен күші деректерді интеграциялау арқылы әлеуметтік әл-ауқат деңгейін арттыруға, мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті жақсартуға бағытталған.
Бұл шаралар әлеуметтік қолдаудың тиімділігін және ашықтығын көрсетіп, оған мұқтаж адамдарға көмек көрсетеді.
2025 жылы жаңашылдық күтілуде, Әлеуметтік кодекске сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап АӘК тағайындау үшін кедейлік шегі халықтың медиандық кірісінен (МК) айқындалатын болады.
Ағымдағы жылы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп, отбасының цифрлық картасының деректері бойынша тоқсан сайынғы медиандық кіріс мөлшерінде есептеулер жүргізді.
Жүргізілген есептеулер нәтижесінде, кедейлік шегі орташа табыстың 35% деңгейінде белгіленді, бірақ қолданыстағы деңгейден төмен емес, яғни өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% деңгейінде айқындалды. Алматы облысы бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейі 52 910 теңгені құрайды.
Медиандық кіріс және цифрландыру: Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек қалай өзгеруде
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) ұсыну жүйесін жетілдіруді жалғастыруда. Жаңа тәсілдер көмек тағайындау процесін ашық және тиімді етуге бағытталған.
Министрліктің мәліметіне сәйкес, кедейлік шегін анықтау кезінде медиандық кірісті енгізу көрсетілетін көмек мөлшеріне әсер етпейді. Жаңа тәсіл әлеуметтік қолдаудың көлемін сақтай отырып, медиандық кірісті ескеруге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, 2025 жылы Еңбек министрлігі АӘК-ке отбасылардың мұқтаждығы туралы қорытынды шығаратын учаскелік комиссиялардың қызметін толық цифрландыруды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда отбасының материалдық жағдайын зерттеу қағаз түрінде жүргізіледі, бұл шешім қабылдау процесін қиындатады және кешіктіреді. Бұл процесті жеңілдету және автоматтандыру үшін FSM Social мобильді қосымшасы енгізілді. Оны пайдалану мыналарды қамтамасыз етеді:
— өтініш берушінің геолокациясын автоматты түрде анықтау;
— қорытындыны жедел шығару және қол қою рәсімдерін оңайлату;
— отбасының материалдық жағдайын тексеру кезінде формальды тәсілді алып тастау.
Қосымшаның көмегімен учаскелік комиссияның мүшелері отбасының материалдық жағдайы туралы деректерді дәл сол жерде енгізеді, алдын ала қорытынды жасайды және оны қол қою үшін комиссияның басқа мүшелеріне жібереді. Бұл тәсіл шешім қабылдау процесін жылдамдатады және көрсетілетін көмектің дәлдігін арттырады.
Еңбек министрлігінің жаңа бастамалары әлеуметтік қолдауды азаматтар үшін қолжетімді, әділ және ашық етуге ұмтылысын көрсетеді.