Атымтай Жомарттан кем деуге келмейтін шекарашы туралы еліміздің өркениеттен шалғайдағы құмында, құрылықта, суда қызмет атқарып жатқан әріптестері білуге тиіс деген мақсатпен, қолымызға қалам алдық…
ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметшісі сержант Нұрлыбек Иманбаев. 2021 жылдың 29 желтоқсанында «AVTO LOTO» лотереясынан ұтыс шығып, «Hyunday Accent» автокөлігін ұтып алды. Су жаңа көліктің құны 7 млн. 519 мың теңге тұрады.
Ойлана келе, шекарашы алдына таңдау қойылған кезде өзінің жүрдек көлікті емес, қомақты қаржыны таңдауының себебін былай деп түсіндіреді:
— Таразылап көрсем, бір жапырақ қағаздан шыққан ұтыс менен гөрі өмірдің теперішін көбірек тартқан жандарға керек екен. Оның үстіне жақында бейбіт адамдардың берекетін қашырған бүлік кезінде шаңырағы шайқалып, қара жамылған отбасылар аз болған жоқ. Олардың ішінде біздің әріптестеріміз де бар…
Осының барлығын ой елегінен өткізе келе, көліктің орнына ұтыс ақшаны алып, қайырымдылыққа жұмсауды шештім.
Алматы қаласындағы бүлікшілермен болған қақтығыс кезінде қаза тапқан Дәулетбек Жұпарбеков пен Мейірхан Бітімнің отбасыларына 500 000 теңгеден материалдық көмек көрсетуге, тағы бір бөлігін қатерлі ауруға шалдыққан Мағауия Бекжігіт Бекболатұлының Ресей астанасы Мәскеу қаласындағы қымбат клиникада емделу үшін 1 000 000 теңге аудардым.
Сеніңіз, қазақ атам «ақша – қолдың кірі» деп бекер айтпаса керек. Сондықтан, мен үшін оңай келген болса да, бұл қаражаттың басқа шаңырақты жылытып, қуаныш сыйламасына кім кепіл…
Иә, жүрегіне нұр ұялаған Нұрлыбектің бұл пікірімен толық келісеміз. Туған Отанының шекарасын көзінің қарашығындай күзетіп жүрген әріптесіміздің өзі де бір шаңырақтың иесі. Қос ұл мен қыздың әкесі. Салауатты өмір салтын ұстанатын шекарашы өзінің қос құлынын да спортқа ерте бастан баулып жүрген көрінеді. Өзінің тізгіндеп қояр темір тұлпары да жоқ. Есесіне, үлкен жүректің иесі екенін айдай әлемге танытты.
Шекарашы қалған 4 767 100 теңгені БҚО Бөкей Ордасы ауданының Бисен ауылы тұрғындарының әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасыларына тұрғын үй сатып алу үшін «Харекет» қайырымдылық қорына аударды.
Азаматтық іске барған ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметшісі жайлы айтарымыз осы. Жүректен – жүрекке деген осы болар!
ҰҚК Шекара қызметінің
запастағы подполковнигі Тамара Дәулетбаева.