Пятница, 19 апреля, 2024
Басты бетДін және қоғамЗайырлылық және дін

Зайырлылық және дін

«Зайырлылық» түсінігінің ауқымы кең. Қазіргі заманғы зайырлылық аясына ең алдымен гуманистік құндылықтар, соның ішінде адамның ар-ождан және наным-сенім бостандығын еркін жүзеге асыру кіреді. Мемлекеттің зайырлы сипаты оның діннен ажыратылуымен ғана емес, сонымен бірге, атеистік және өзге де дүниетанымның басымдығын мойындамауымен сипатталады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, ашық, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» делінген. Конституциялық негіздегі «зайырлы» ұғымы мемлекеттің барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді. Яғни зайырлылық – дінсіздік немесе дінді терістеушілік емес, ол – мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы.

Зайырлы мемлекет азаматтық қоғамның құрамдас элементі ретіндегі діни бірлестіктердің қызметін де реттеп отырады. Мемлекеттің зайырлы сипаты азаматтық қоғам субъектілерінің заңдар мен құқықтық нормаларды қатаң сақтауын және өз қызметтерін осы құқықтық, заңнамалық шеңберде жүзеге асыруын талап етеді.

Зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлінгенімен, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөліне алмайды. «Зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта екендігін, діни сенім бостандығының қамтамасыз етілетіндігін танытады. Мемлекет пен діннің арақатынасындағы жанды байланыстар зайырлы және рухани-діни құндылықтардың арақатынасы негізінде орныққан.

Дін – мемлекеттік саясаттағы және қоғам азаматтарының рухани өмірі мен мәдениетіндегі маңызды факторлардың бірі. Адам мен қоғам өмірінде ерекше орын алатын дін рухани мәдениеттің қалыптасу үдерісінде негізгі функцияларды атқарады, мәдениеттер мен өркениеттердің дамуына ықпал етеді.

Діни сенім бостандығы – адамның жеке өзі немесе басқалармен бірге қандай да бір дінді ұстануға немесе ұстанбауға, еркін таңдауға, діни сенімде болуға және таратуға, соған сәйкес әрекет етуге құқықты адамның негізгі жеке бостандықтарының бірі. Діни сенім бостандығы демократияшыл қоғамның іс-әрекет етуінің қажетті өмірлік шарты, адамның құқықтары мен бостандықтары жүйесінің негізгі элементтерінің бірі болып табылады.

Зайырлылық сұхбатқа, өзара ынтымақтастық пен түсіністікке негізделе отырып, ал зайырлы мемлекеттілік заңдылық пен құқыққа негізделе отырып, аталған қауіптерден арылуға мүмкіндіктер ашады. Осы негізде зайырлылық мемлекеттілік пен ұлттық қауіпсіздіктің берік тұғыры болып табылады.

Айбек БАБАТАЙ,

Дін саласындағы мәселелерді зерттеу

орталығының бөлім бастығы

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments