Бұл ақпаратта Қазақстандағы заңсыз иемденілген активтердің қайтарылуы мен олардың әлеуметтік жобаларға бағытталуының маңыздылығы ерекше атап өтілген. Заңсыз алынған қаражаттардың халық игілігіне жұмсалуы – әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің, мемлекеттің азаматтарына деген қамқорлығын көрсетуінің нақты үлгісі.
Денсаулық сақтау, экология, білім беру және спорт салаларындағы жобалардың қолға алынуы – бұл тек қаржылық инвестиция емес, сонымен қатар қоғамның әл-ауқатын арттыруға бағытталған стратегиялық шешімдер. Ауыл мен қала тұрғындарының медициналық көмекке тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, ауызсу сапасын жақсарту, жастарды дамыту – осының бәрі еліміздің тұрақты дамуына, әлеуметтік теңсіздікті азайтуға, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, жобалардың тек ірі қалаларда ғана емес, шалғай ауылдарда да жүзеге асырылуы – теңгерімді аймақтық дамудың маңызды көрсеткіші. Бұл бастамалар халықтың мемлекетке деген сенімін нығайтып, қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты күшейтеді.
Жалпы, қайтарылған активтердің әлеуметтік салаға бағытталуы – бұл қоғамның болашағына деген үмітті арттыратын, әлеуметтік әділеттілікті орнататын оң өзгеріс. Осындай бастамалардың жүйелі түрде жалғасын табуы, халықтың әл-ауқатын арттыруы, еліміздің дамуына зор үлес қосатынына сенімдіміз.
Жамбыл ауылдық округі бойынша ақсақалдар кеңесінің төрағасы Балайұлы Бахыт