Іле ауданында жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында Алматы облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ермек Баймухамбетов ауданға арнайы келді.
Аудан басшысы Қайыржан Жақсымбетов Боралдай кентіндегі облыстық маңызы бар Жаужүрек көшесі мен Өтеген батыр ауылындағы І. Жансүгіров көшесінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Жұмыс сапасы мен мерзімін бақылау мақсатында мердігер ұйым өкілдері және ауданның белсенді тұрғындарымен кездесу өткізілді.
Кездесу барысында жол жөндеу және инфрақұрылымдық жұмыстарға тартылатын арнайы техника мен жұмысшылар санын көбейту жөнінде ұсыныс айтылды. Бұл өз кезегінде жұмыстардың қарқынын арттырып, нысандарды белгіленген мерзімде аяқтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жөндеу жұмыстары кезеңінде тұрғындарға қолайсыздықты азайту мақсатында Алматы қаласынан аудан аумағына қатынайтын қоғамдық көлік бағыттарының қозғалыс сызбаларына уақытша өзгерістер енгізу мәселесі көтерілді.
Айтылған ұсыныстар тиісті мемлекеттік органдар мен жауапты мекемелердің қарауына жолданды.

