Жуырда Қарақыстақ ауылындағы мәдениет үйінде және Қайназар №1 орта мектебінде «Балалардың қауіпсіздік әлемі – заң мен тәртіп» тақырыбында маңызды жиын өтті. Іс-шараға Сүйінбай атындағы орта мектептің 9-10-11 сынып оқушылары, ата-аналар, сынып жетекшілері мен мектептің педагог-психологы қатысты.
Жиынның негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, сондай-ақ ата-аналардың жауапкершілігін арттыру мәселелерін кеңінен талқылау болды.
Жиналысты ашқан аудан әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы:
– «Бүгінгі жиын жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, қауіпсіздік пен заңға бағынудың маңызын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Қоғамда тәртіп – ең басты құндылық. Бұл ретте ата-ананың жауапкершілігі ерекше. Мектептерде құқық бұзушылықтың алдын алу үшін 12 адамнан құралған ауданда арнайы комиссия жұмыс істейді. Комиссия оқушылардың оқу үлгерімі, сабаққа қатысуы, күнделікті тәртібі секілді бірқатар маңызды мәселелерді тұрақты бақылауда ұстайды», – деп қатысушыларға арнаған сөзінде тәртіп пен заң талаптарын сақтаудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Келесі кезекте сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Светлана Алтынбекова мектептегі құқық бұзушылықтың алдын алуда ата-анамен бірлескен жұмыстың маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, бала тәрбиесінде отбасы мен мектептің өзара ынтымақтастығы шешуші рөл атқарады.
Бұдан соң аудандық полиция бөлімінің басшысының орынбасары Сырым Әшімханов жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құқық бұзушылық түрлеріне тоқталып, кәмелетке толмағандардың мотоцикл мен мопед басқаруына байланысты жол-көлік оқиғаларының көбейіп отырғанын айтты. Ол бұл бағытта заң талаптарының қатаң екенін ескертіп, оқушылар мен ата-аналарды сақтық шараларын күшейтуге шақырды.
Сонымен қатар, Жамбыл аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкері Нұрбол Абуов қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығын түсіндірсе, Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Досалы Балжан жастарды заңға бағынуға, тәртіпті болуға және саналы азамат ретінде қалыптасуға үндеді.
Шара барысында спикерлер тәртіп пен қауіпсіздік – тек білім ордасының ғана емес, ең алдымен отбасының ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Баланың болашағы үшін ата-ана, ұстаз және қоғам бірлесе әрекет етуі қажет екені айтылды. Сонымен бірге арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді.
Жиын соңында оқушыларға құқықтық сауаттылықты арттыру, зиянды әдеттерден аулақ болу, жол қозғалысы ережелері мен қоғамдық тәртіпті қатаң сақтау жөнінде нақты түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Аталған кездесудің басты түйіні – балалардың қауіпсіздігі мен тәрбиесі мемлекетке ғана емес, әрбір ата-ана мен қоғам мүшесіне ортақ міндет

