Site icon ATAMEKEN

«Заң мен тәртіп» бағдарламасы

Жаңаөзен қаласында жасөспірімдердің қауіпсіздігін сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және ата-аналар мен білім беру мекемелері арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыру мақсатында «Түнгі қаладағы балалар» атты профилактикалық шара өткізілді.

Бұл іс-шара Қазақстан Республикасының «Заң мен тәртіп» бағдарламасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.

Шараға Жаңаөзен қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері, білім беру саласының мамандары, мектеп директорлары және педагог-психологтар қатысты. Кездесу барысында түлектерге арналған мерекелік іс-шаралар кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, жасөспірімдердің жауапкершілігін арттыру және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері кеңінен түсіндірілді.

Сонымен бірге мамандар жасөспірімдердің түнгі уақытта қала ішінде қауіпсіз жүру ережелеріне тоқталып, топ болып бейберекет жүрудің қауіпті салдарын түсіндірді. Ата-аналардың бала тәрбиесіндегі бақылауы мен қадағалауының маңызы да ерекше атап өтілді.

Кездесу барысында қатысушыларға өмірден алынған нақты мысалдар келтіріліп, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша практикалық кеңестер берілді. Ата-аналар қойған сұрақтарға мамандар толық жауап беріп, ашық пікір алмасу жүргізілді.

Осындай профилактикалық іс-шаралар жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, қоғамдағы қауіпсіздікті нығайтуға және отбасылық тәрбиенің маңызын арттыруға бағытталған.

Exit mobile version