Site icon ATAMEKEN

Заң мен тәртіп – жарқын болашақ кепілі

Қарағанды облысында «Заң мен Тәртіп» жалпыұлттық идеологиясы аясында маңызды форум өтті. «Жарқын болашаққа бастар жол» атты шараның басты мақсаты – сотталған азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу мәселелерін талқылау және оларды толыққанды өмірге оралтуға бағытталған жұмыстарды үйлестіру.

Форумды ұйымдастыруға Қарағанды облысының әкімдігі, облыс прокуратурасы және Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті атсалысты. Жиын барысында пробация қызметінің тиімділігі мен қазіргі жетістіктері сөз болып, алдағы уақытқа арналған жұмыс жоспары да бекітілді.

Өңірде пробация қызметінің есебінде 1200 азамат тұр. Оларды әлеуметтік бейімдеу және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, биылғы жылдың басынан бері 653 жұмыс берушінің қатысуымен 60 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Пробация есебіндегі азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында 146 жұмыс орнына квота белгіленген. Өткен жылы 539 азаматқа 47 миллион теңге көлемінде бір жолғы әлеуметтік көмек көрсетілді.

Биыл Қарағанды облысында сотталғандарды еңбек арқылы қайта бейімдеуге бағытталған пилоттық жоба іске асырылуда. Бұл бастамаға қазіргі таңда 60-қа жуық кәсіпорын мен шағын және орта бизнес нысандары қолдау білдіріп отыр.

Облыс прокурорының орынбасары Ерлан Төре атап өткендей, бұл көмек жұмысқа орналасудан бастап, білім беру, жаңа мамандық алу, сондай-ақ әлеуметтік-психологиялық және құқықтық қолдау көрсетуді қамтиды.

Форум қорытындысында мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері арасында пробация қызметінің есебінде тұрғандарды жұмыспен қамту мен кәсіптік оқыту туралы меморандумға қол қойылды. Шара аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, кеңес алаңында кәсіптік оқуға жолдамалар берілді.

Exit mobile version