10 маусым күні Абай кітапханасында заң үстемдігін нығайту, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру және құқықтық сауаттылығын дамыту мақсатында «Заң мен тәртіп» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Көрмеде кітапхана қорындағы құқықтану, отбасы құқығы, қылмыстық құқық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне арналған кітаптар мен мерзімді басылымдар ұсынылды. Атап айтқанда, оқырмандар назарына М.Қ. Әбілнасырованың «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері», С.А. Ынтымақовтың «Отбасы құқығы», А.Н. Ағыбаевтың «Құқық негіздері» еңбектері, сондай-ақ қылмыстық құқық саласына арналған әдебиеттер, мерзімді басылымдар ұсынылды.
Көрме барысында келушілер құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаларымен, азаматтардың құқықтары мен міндеттерімен, сондай-ақ заң талаптарын сақтаудың маңыздылығымен танысты. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтың қоғам дамуына тигізетін кері әсері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жолдары және заңдық жауапкершіліктің түрлері туралы кең көлемде ақпарат берілді.
Көрме оқырмандардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, заңға деген құрметін нығайтуға және азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастыруға ықпал етті. Әрбір азаматтың заң талаптарын сақтауы, қоғамдағы тәртіп пен әділеттілікті қолдауы – еліміздің өркендеуі мен тұрақтылығының маңызды кепілі екендігі ерекше атап өтілді.
