Site icon ATAMEKEN

ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ҚАУІПСІЗ ҚОҒАМ КЕПІЛІ

 

Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен Тәртіп» қағидаты қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және азаматтардың заңға деген құрметін арттыруға бағытталған маңызды бастама болып табылады. Бұл қағидат қоғамда тәртіп пен тұрақтылықты нығайтып, әрбір азаматтың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға негіз болады.

Жамбыл ауданында 40 мыңнан астам жасөспірім бар. Қазіргі таңда аталған қағидатты жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудан көлемінде профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Бүгінде жол қозғалысы қауіпсіздігі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Аудан аумағында көлік қозғалысының қарқын алуы жол-көлік оқиғаларының алдын алу шараларын күшейтуді талап етеді. Осыған байланысты жол қозғалысы ережелерін сақтау мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Жүргізушілердің жылдамдықты шектен асырмауы, жаяу жүргіншілердің белгіленген орындардан өтуі және жол белгілерін қатаң сақтауы – адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі.

Қауіпсіздікті арттыру мақсатында аудан аумағында орнатылған бейнебақылау камераларының жұмысы да маңызды рөл атқаруда. Заманауи бақылау жүйелері құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қоғамдық орындардағы тәртіпті бақылауға және жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін анықтауға мүмкіндік береді. Бейнекамералардың үздіксіз әрі сапалы жұмыс істеуі құқық қорғау органдарының жедел әрекет етуіне және құқық бұзушылықтардың ашылуына оң әсерін тигізуде.

Жаз мезгілінде балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет. Мектеп оқушыларының жазғы демалыс кезінде бос уақытын тиімді өткізуімен қатар, олардың жол қауіпсіздігі ережелерін сақтауын қадағалау маңызды. Соңғы уақытта жасөспірімдердің велосипед, мопед және электр самокаттарын басқару жағдайлары жиілеп келеді. Алайда олардың барлығы бірдей жол қозғалысы ережелерін жетік біле бермейді.

Осы ретте ата-аналардың жауапкершілігі ерекше маңызға ие. Балаларына велосипед немесе мопед сатып алар алдында олардың жолда жүру тәртібін меңгеруіне көңіл бөлу қажет. Кәмелетке толмағандардың көлік құралдарын заң талаптарына сәйкес басқаруы, қорғаныс құралдарын пайдалануы және қауіпсіздік талаптарын сақтауы – жазатайым оқиғалардың алдын алудың негізгі шарты.

Заң мен тәртіп – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әрбір тұрғын заң талаптарын сақтап, қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қараған жағдайда ғана қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптасады. Сондықтан аудан тұрғындарын жол қозғалысы ережелерін сақтауға, балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауға және заңға құрметпен қарауға шақырамыз.

Заң үстемдік құрған жерде тәртіп болады, ал тәртіп бар жерде қоғамның тұрақты дамуы мен азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.

Бақтияр Айталы

Exit mobile version