Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырған. Еліміздің құқықтық жүйесінің өзегі – Конституция. Конституция мемлекет қызметінің негізгі қағидаттарын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ мемлекеттік биліктің ұйымдастырылу тәртібін айқындайды. Конституция барлық заңдар мен нормативтік-құқықтық актілердің негізі болып табылады және еліміздегі ең жоғары заңдық күшке ие. (Egov)
Заңның басты мақсаты – қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Әрбір азамат заң талаптарын сақтауға міндетті. Заңды құрметтеу – өркениетті қоғамның басты белгілерінің бірі.
Бүгінде Қазақстанда заң үстемдігін нығайтуға бағытталған көптеген реформалар жүзеге асырылуда. Азаматтардың құқықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сот жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету және қоғамдық қауіпсіздікті күшейту бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Бұл шаралар мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді арттыруға ықпал етеді.
Құқықтық мемлекет құруда әр адамның жауапкершілігі зор. Заңды білу және оны сақтау азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастырады. Өз құқықтарын білетін әрі өз міндеттерін орындайтын азаматтар ғана елдің дамуына үлес қоса алады.
Заң мен тәртіп үстемдік құрған қоғамда әділдік салтанат құрады. Сондықтан әрбір азамат заң талаптарын мүлтіксіз орындап, қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысуы тиіс. Заңға құрмет – мемлекетке құрмет, ал мемлекетке құрмет – ел болашағына деген жауапкершіліктің көрінісі.

