Site icon Атамекен

«Кең дала – 2» бағдарламасы: фермерлерге ерте қолдау мен тиімді шарттар

Алматы облысының аграршылары үшін биылғы күз ерекше басталды — қазан айының басында іске қосылған «Кең дала – 2» бағдарламасы ауыл шаруашылығын қолдаудың негізгі тетіктерінің біріне айналды. Жоба бір жарым жылға есептелген және 5 пайыздық жылдық мөлшерлемемен несиелеуді қарастырады.
Пайдаланушылар үшін төлем жүйесі де ыңғайлы: қарыздың жартысы желтоқсанға дейін, ал қалған бөлігі келесі жылдың наурызына дейін өтеледі. Мұндай тәсіл фермерлерге көктемгі егіс науқанына алдын ала дайындалуға мүмкіндік береді — тұқым, тыңайтқыш, жанармай сатып алып, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеп үлгеруге жағдай жасайды.
Бұл туралы Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығы, тұқым шаруашылығы және техникалық бақылау бөлімінің бас маманы Алмас Ақылбеков пен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Алматы филиалы директорының орынбасары Нурмади Алибаев мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, фермерлер үшін ең бастысы — қаржыландыруға алдын ала қол жеткізу.
– Біз бағдарламаны биыл әдеттегіден ертерек іске қостық, – деді Алмас Ақылбеков. – Бұл шаруаларға жаңа маусымға асықпай, тиімді бағамен дайындалуға мүмкіндік береді. Олар енді жанармай мен тұқым қорын ертерек жаңарта алады.
Ауыл шаруашылығын ерте қаржыландыру тетігі алғаш рет 2024 жылдың соңында енгізілген болатын. Сол кезде-ақ бағдарлама жоғары сұранысқа ие болып, шамамен 100 миллиард теңге бөлінді. Биыл бұл көрсеткіш бірнеше есе артқан.
Бағдарламаның басты артықшылығы — тек төмен пайыздық мөлшерлеме емес, сонымен қатар төлемнің икемді жүйесі мен кепілдік қолдауында. Егер фермердің кепілге қоятын мүлкі жеткіліксіз болса, «Даму» қоры несие сомасының 85 пайызына дейінгі бөлігін кепілдендіреді. Бұл әсіресе шағын шаруашылықтар үшін үлкен мүмкіндік.
Қаржыландыру Аграрлық несие корпорациясының аймақтық филиалдары, екінші деңгейлі банктер, несиелік серіктестіктер және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жүзеге асырылады.
– Соңғы жылдары бағдарламаның ауқымы едәуір кеңейді, – деп атап өтті Нурмади Алибаев. – Егер бұрын бөлінетін қаражат көлемі аз болса, қазір ол бірнеше есе өсті. Бұл фермерлердің сенімін және бағдарламаның тиімділігін дәлелдейді. Ең маңыздысы — қаражат шынымен өндірушілерге жетіп отыр.
Бағдарламаға қатысу үшін шаруалар өз өңіріндегі Аграрлық несие корпорациясының филиалына жүгініп, өтінім мен қажетті құжаттарды тапсыра алады. Толық ақпарат алу үшін Agrocredit.kz сайтында немесе қысқа нөмір 5353 (Kcell, Activ, Beeline) және ‪+7 775 007 68 07‬ (Tele2, Altel) телефондары арқылы call-орталыққа хабарласуға болады.

Exit mobile version