«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясының мүшелері Үңгіртас ауылындағы PLAST INVEST еңбек ұжымымен кездесіп, жаңа Конституция жобасын талқылады.
Кездесу барысында коалиция мүшелері жаңа Ата Заңның негізгі ерекшеліктері – адамды ең жоғары құндылық ретінде бекіту, әлеуметтік кепілдіктерді сақтау, еңбек құқықтарын қорғау, цифрлық қауіпсіздік, дәстүрлі отбасы құндылықтарын нығайту мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ билік тармақтарының теңгерімі, бір палаталы Парламент құру, Вице-Президент институтын енгізу сияқты саяси жаңашылдықтар туралы айтып берді.
«Жаңа Конституция – еліміздің тұрақты дамуының берік негізі. Бұл – тек заңдар жинағы емес, біздің ортақ болашағымыздың айнасы», – деді коалиция мүшесі Доғдыргүл Молдақалықова.
Жиналғандар өз сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды. Кездесу соңында ұжым атынан коалиция өкілдеріне алғыс білдіріліп, референдумға белсене қатысуға дайын екендіктері жеткізілді.
Коалиция ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастырады.

