Атамекен

Конституциялық комиссияның екінші отырысы Қазақстандағы конституциялық реформаның формалды сипаттан гөрі мазмұнды, қоғамдық сұранысқа негізделген үдеріс екенін айқын көрсетті

Екі мыңнан астам ұсыныстың түсуі азаматтардың, сарапшылар мен қоғамдық институттардың Негізгі заңды жетілдіруге белсенді түрде атсалысып отырғанын білдіреді. Бұл — қоғамның саяси санасының өскенінің және ел болашағына деген жауапкершіліктің нақты көрінісі.

Отырыстың ашық форматта, тікелей эфир арқылы өтуі билік пен қоғам арасындағы сенімді диалогты күшейтеді. Мұндай жариялылық реформаның әрбір кезеңін халықтың бақылауында ұстап, қабылданатын шешімдердің легитимділігін арттырады. Конституциялық Сот төрайымы Эльвира Азимованың азаматтармен кері байланысты реформаның негізгі қағидаты ретінде атап өтуі — осы бағыттағы маңызды саяси сигнал.

Сондай-ақ отырыс аясында атқарушы және заң шығарушы билік өкілдерінің — әділет министрі, Сенат және Мәжіліс депутаттарының — бір алаңда ұсыныстарды талқылауы конституциялық өзгерістердің кешенді әрі теңгерімді түрде қарастырылатынын көрсетеді. Бұл ұсыныстардың тек саяси элита деңгейінде емес, қоғамдық мүдде тұрғысынан сүзгіден өтетініне негіз береді.

Жалпы алғанда, Конституциялық комиссия жұмысы қоғамды реформаларға тартудың тиімді тетігіне айналып отыр. Егер бұл ашықтық пен диалог қағидаттары сақталса, конституциялық өзгерістер елдегі құқықтық мемлекеттілікті нығайтып, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға нақты үлес қоса алады.

Мұратхан Әлімқұлұлы, Жамбыл ауданының құрметті азаматы

Exit mobile version