Конституциялық комиссия – тарихи жауапкершілік жүгін арқалаған маңызды алаң
Мемлекеттік кеңесші, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қариннің құттықтау сөзі ел тарихындағы шешуші кезеңнің маңызын айқын аңғартады. Конституциялық комиссияның құрылуы – Қазақстанның саяси жаңғыру жолындағы батыл әрі уақыт талабынан туған қадамы.
Бүгінгі таңда еліміз түбегейлі өзгерістер кезеңіне аяқ басты. Бұл – тек басқару жүйесін жетілдіру емес, мемлекеттік дамудың жаңа философиясын қалыптастыруға бағытталған маңызды бетбұрыс. Ұлт жылнамасындағы жаңа кезеңге қадам басу – барша қазақстандық үшін тарихи сәт.
Осындай жауапты уақытта кәсіби білімі мен өмірлік тәжірибесі мол, елге белгілі азаматтардың бір алаңда бас қосуы – қабылданатын шешімдердің салмақты әрі жан-жақты болуына берік негіз. Бұл – қоғамдық келісім мен ортақ мақсаттың айқын көрінісі.
Ерлан Қарин атап өткендей, Конституциялық комиссия мүшелеріне жүктелген миссия – аса маңызды әрі жоғары жауапкершілікті талап ететін міндет. Өйткені бұл жұмыс еліміздің болашақ даму бағытын айқындайтын тағдырлы шешімдермен тікелей байланысты.
Комиссия қызметі халық мүддесін басты орынға қоя отырып, ашық диалог пен қоғамдық пікірге сүйенген жағдайда ғана нәтижелі болмақ. Осы тұрғыдан алғанда, басталған жұмыс мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтып, Қазақстанның жаңғыру жолындағы берік қадамына айналатынына сенім мол.
Күмісжан Байжан, ҚР мәдениет қайраткері

