Site icon ATAMEKEN

Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысына пікір

Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында айтылған пікірлер елдегі саяси жаңғырудың мазмұны мен бағытын айқын көрсетті. Мемлекеттік кеңесші, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Карин атап өткендей, реформалардың түпкі мақсаты – Конституцияның негізгі қағидаттарын заман талаптарына бейімдей отырып, мемлекетті басқару жүйесінің тиімділігін арттыру және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нақты тетіктер арқылы қамтамасыз ету.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов өз сөзінде қоғамның реформаларға белсенді қатысуының маңызын атап өтті. Оның айтуынша, конституциялық өзгерістер тек заңнамалық деңгейде ғана емес, қоғамдық санада да орнығуы тиіс. Бұл – қабылданатын шешімдердің өміршең болуының басты кепілі.

Мәжіліс депутаттары Мурат Абенов, Унзила Шапақ, Айдос Сарым, Елнур Бейсенбаев пен Азат Перуашев заң шығару процесінде азаматтардың мүддесін ескеру, Парламенттің рөлін күшейту және саяси партиялардың жауапкершілігін арттыру мәселелеріне ерекше тоқталды. Олардың пікірінше, Конституциялық реформа өкілді биліктің ықпалын арттырып, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталуы қажет.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев пен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева реформалар аясында адам құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіру, әсіресе балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды конституциялық деңгейде нығайтудың өзектілігін алға тартты. Бұл бағыттағы бастамалар әлеуметтік әділетті қоғам құру жолындағы маңызды қадам екені сөзсіз.

Саясаттанушы Марат Шибутов та конституциялық өзгерістердің ұзақ мерзімді саяси тұрақтылыққа ықпал ететінін атап өтіп, реформалардың сабақтастығы мен жүйелілігіне назар аударды.

Жалпы алғанда, Комиссия отырысында айтылған пікірлер Конституциялық реформаның жан-жақты, ашық және қоғам мүддесіне негізделген сипатта жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Бұл бастамалар «Әділетті Қазақстанды» қалыптастыруға бағытталған нақты әрі маңызды қадамдар ретінде бағалануға лайық.

Алиев Багдат Байшалович, Зейнеткер, Жамбыл ауданының Қоғамдық кеңесінің төрағасы

Exit mobile version