Site icon ATAMEKEN

Конституция – адам құқығының берік кепілі

Қазақстан Республикасының Конституциясы – еліміздің басты заңы әрі әр азаматтың құқықтары мен бостандықтарының берік кепілі.Конституцияда адамның ар-намысы, қадір-қасиеті мен жеке құқықтарын қорғауға ерекше мән берілген.Әр азамат өз құқығын білу арқылы заңмен берілген мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана алады.
Конституцияның 18-бабының 3-тармағында адам ұсталған кезде оның бостандығын шектеудің негіздері және оған тиесілі құқықтары түсіндірілетіні көзделген.
Бұл норма азаматтың қандай жағдайда ұсталғанын білуіне және өзінің заңды құқықтарын қорғауына мүмкіндік береді.Ал Конституцияның 19-бабының 2-тармағы әркімнің өз-өзіне, жұбайына және заңда белгіленген жақын туыстарына қарсы айғақ беруге міндетті еместігін бекітеді.Бұл – адамның өзін және жақындарын қорғауға бағытталған маңызды конституциялық кепілдік.Сонымен қатар діни қызметшілер өздеріне сеніп сырын ашқан адамдарға қарсы куәлік беруге міндетті емес.
Аталған құқықтар азаматтың жеке өміріне, ар-намысына және еркіндігіне деген құрметтің заң жүзінде қорғалғанын көрсетеді.Конституцияның 20-бабында адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғуға болмайтыны және оның заңмен қорғалатыны белгіленген.Ешкімді азаптауға, зорлық-зомбылық жасауға немесе басқа да қатыгездік көрсетуге жол берілмейді.Сондай-ақ адамның қадір-қасиетін қорлап, жәбірлеуге немесе жазалауға да жол берілмеуі тиіс.Бұл талаптар адамды кез келген жағдайда құрметтеудің маңызын айқындайды.Адам құқықтары – тек заңда жазылған нормалар ғана емес, күнделікті өмірде сақталуға тиіс маңызды құндылықтар.Өз құқығын білетін азамат заңсыз әрекетке тап болған жағдайда өз мүддесін қорғаудың заңды жолдарын біледі. Ал өзгенің құқығын құрметтеу – құқықтық мәдениеттің маңызды белгісі.
Сондықтан Конституцияны білу тек заңгерлерге немесе құқық қорғау саласының мамандарына ғана қажет емес. Оны әр азамат өзінің құқықтары мен міндеттерін түсіну үшін білуі керек. Құқықтық сауаттылық қоғамдағы заңға деген құрметті қалыптастырып, азаматтардың жауапкершілігін арттырады. Әсіресе жас ұрпаққа адам құқықтарын құрметтеудің мәнін түсіндіру – маңызды міндеттердің бірі. Конституцияда бекітілген құқықтар мен бостандықтар адамның қадір-қасиетін қорғауға және әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталған. Сондықтан әрқайсымыз өз құқығымызды біліп қана қоймай, басқа адамның да құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуіміз қажет.
Заңды білу – өзіңді қорғаудың, ал заңды құрметтеу – қоғамды қорғаудың маңызды негізі. Конституцияны құрметтеу – адам құқығын құрметтеуден басталады.

Токтасынов Тұрсынжан Асқарұлы

Exit mobile version