Site icon ATAMEKEN

Конституция – мемлекет пен қоғам негізі

2026 жылғы 3 маусым күні Үңгіртас ауылдық Мәдениет үйінде «Конституция – мемлекет пен қоғам негізі» тақырыбында тұрғындармен кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы Конституциясының қоғам өміріндегі рөлін түсіндіру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және заң үстемдігі қағидаттарын насихаттау.

Кездесу барысында Үңгіртас ауылдық округі әкімінің орынбасары Е. Дауренбаев баяндама жасап, Конституцияның мемлекет пен қоғам дамуының берік негізі екеніне тоқталды. Ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, олардың міндеттері мен жауапкершілігі, сондай-ақ заң талаптарын сақтау мәселелері жөнінде жан-жақты түсіндірме берді.

Шара аясында Қазақстан Республикасында соңғы жылдары жүзеге асырылған конституциялық реформалар туралы кеңінен ақпарат ұсынылды. Атап айтқанда, Конституциялық Соттың қызметі, адам құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту шаралары, жер мен табиғи ресурстардың халық игілігі ретінде танылуы, Мәжіліс пен мәслихаттарды сайлау жүйесіндегі өзгерістер, азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндіктерінің кеңейтілуі мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар қатысушыларға «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты аясында жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың мәні мен маңызы түсіндірілді.

Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар алды. Шара барысында Конституцияны құрметтеу, заң мен тәртіпті сақтау – әрбір азаматтың басты міндеті екені ерекше атап өтілді.

Заң үстемдігі мен жоғары құқықтық мәдениет – тұрақты әрі өркендеген қоғамның басты кепілі. Осындай кездесулер азаматтардың құқықтық білімін арттыруға және қоғамдағы заңдылық қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді.
Үңгіртас ауылодық округ әкімі Әбдуали Даурен

Exit mobile version