Құрылтайдағы Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде жұмыс істейтін депутат ретінде еліміздің халықаралық аренадағы әрбір маңызды қадамына ерекше назар аударамын. Бұл менің тікелей жұмыс бағытым ғана емес, еліміздің сыртқы саясатының қалай қалыптасып, қандай басымдықтарға бет алып бара жатқанын түсінуге мүмкіндік беретін маңызды көрсеткіш.
Әсіресе Мемлекет басшысының халықаралық кездесулердегі сөздеріне мән беремін. Президенттің әрбір мәлімдемесінен Қазақстанның кіммен әріптестік орнатуға мүдделі екенін ғана емес, қандай әріптестік біз үшін маңызды екенін аңғаруға болады.
Сеулде өткен алғашқы «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитінде осы тұрғыдан алғанда маңызды сигналдар берілді.
Менің назарымды аударған негізгі мәселе – Қазақстанның Кореямен қарым-қатынасты дәстүрлі сауда-инвестициялық байланыстар деңгейінен технологиялық және өнеркәсіптік кооперацияның жаңа деңгейіне шығаруға ұмтылысы.
Президенттің ұсыныстарын бір-бірінен бөлек жобалар ретінде емес, біртұтас стратегиялық саясаттың элементтері ретінде қарастырған жөн.
Бірінші – өндіріс және технология.
Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Корея» өнеркәсіп және технологиялық даму серіктестігін құруды ұсынды.
Мұнда мәселе жай ғана инвестиция тарту туралы емес. Локализация, технология трансфері, өңірлік кооперация, дайын өнім шығару және үшінші нарықтарға шығу – біздің экономикалық саясатымыздың сапалық тұрғыдан жаңа деңгейін білдіреді.
KIA Qazaqstan зауыты – осы модельдің нақты мысалы. Жылына 70 мың автомобиль шығаратын өндірістің айналасында қосалқы өндірістер мен тұтас кластер қалыптасып келеді.
Меніңше, ендігі міндет – осындай жобаларды жекелеген инвестициялық кейстерден жүйелі өнеркәсіптік саясаттың құралына айналдыру.
Екінші – аса маңызды минералдар.
Қазақстанның сирек және сирек кездесетін металдар қоры бізге үлкен мүмкіндік береді. Бірақ ресурстың болуының өзі жеткіліксіз.
Президенттің шикізатты өндірумен шектелмей, геологиялық барлаудан бастап терең өңдеуге және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік цикл құру туралы ұстанымы осы жерде ерекше маңызды.
Жартылай өткізгіштер, микроэлектроника, аккумуляторлар, электромобильдер мен робототехника компоненттері – болашақ экономикасының негізгі элементтері.
Алматыда KIAT қатысуымен Сирек және сирек кездесетін металдарды зерттеу орталығын құру туралы уағдаластық пен бірлескен қазақ-корей компаниясын құру ұсынысы осы бағыттағы алғашқы нақты қадамдардың бірі.
Мен үшін мұндағы негізгі мәселе – Қазақстанның шикізат базасын технологиялық артықшылыққа айналдыра аламыз ба деген сұрақ.
Үшінші – жасанды интеллект және адам капиталы.
Қазақстан бүгін технологияны тұтынушы ел болып қалмауы керек. Біз технологияны жасайтын, бейімдейтін және экспорттайтын елге айналуымыз қажет.
Президент ұсынған AI Talent өңірлік бағдарламасы осы тұрғыдан маңызды. Alem.ai, суперкомпьютерлер, AI университеті, Woosong, SeoulTech, болашақ KAIST филиалы және AI SilkNet секілді жобаларды бір жүйеге біріктіру арқылы Қазақстан тек өзіне ғана емес, бүкіл Орталық Азияға технологиялық кадр даярлайтын орталық бола алады.
Бұл жерде де меніңше, басты өлшем – ашылған орталықтардың саны емес, олардың нақты зерттеулерге, стартаптарға, өндірістік шешімдерге және жаңа технологиялық компанияларға қаншалықты әсер ететіні.
Төртінші – көлік-логистика.
Қазақстанның географиясы бізге берілген дайын артықшылық емес. Оны нақты экономикалық құндылыққа айналдыру қажет.
Қазақстан арқылы өтетін транзит көлемін 100 млн тоннаға, ал Орта дәліздің өткізу қабілетін 20 млн тоннаға жеткізу мақсаты осы міндетпен тікелей байланысты.
Президенттің Корея – Орталық Азия – Еуропа бағытындағы көлік-логистикалық тізбек қалыптастыру жөніндегі ұсынысы Қазақстанды жай ғана транзиттік аумақ емес, Еуразиядағы логистикалық байланыстырушы буынға айналдыру перспективасын көрсетеді.
Бесінші – энергетика.
Мұнда да күн тәртібі дәстүрлі көмірсутек секторымен шектелмейді.
Мұнай жеткізу, геологиялық барлау, мұнай-газ химиясы, терең өңдеу, атом энергетикасы, сутегі энергетикасы – барлығы қатар қарастырылып отыр.
KHNP және Doosan Enerbility компанияларымен ядролық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге дайындық – осының бір көрінісі.
Сонымен бірге көмірдің Қазақстан энергетикасындағы қазіргі рөлін ескере отырып, генерацияны жаңғырту және шығарындыларды азайту технологияларын енгізу де күн тәртібінен түспейді.
Бұл – энергетикалық ауысуды Қазақстанның нақты экономикалық және технологиялық жағдайымен ұштастыруға деген прагматикалық көзқарас.
Алтыншы – су қауіпсіздігі.
Орталық Азия үшін бұл енді экологиялық мәселе ғана емес, ұлттық және өңірлік қауіпсіздік мәселесі.
Қазақстан 2030 жылға дейін 42 жаңа су қоймасын салуды, 14,5 мың шақырым суару арнасын жаңғыртуды жоспарлап отыр.
Сондықтан Кореяның су үнемдеу, цифрлық есеп және заманауи су инфрақұрылымы саласындағы технологиялық тәжірибесін тарту туралы ұсыныс – меніңше, ұзақмерзімді стратегиялық сипаттағы бастамалардың бірі.
Жетінші – адам арасындағы байланыс.
Жастар, білім және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін ұсынылған Central Asia – Korea Future Generation бағдарламасы да маңызды.
Өйткені кез келген стратегиялық әріптестіктің ұзақмерзімділігі тек мемлекетаралық келісімдерге емес, адамдар арасындағы тұрақты байланыстарға байланысты.
Ал келесі жылы корейлердің Орталық Азияға жер аударылғанына 90 жыл толуы – ортақ тарихымызды тағы бір мәрте зерделеп, оны жаңа ұрпақтың санасына жеткізуге мүмкіндік беретін маңызды дата.
—
Осы бастамалардың барлығына бірге қарағанда, бір маңызды тенденцияны көруге болады.
Қазақстан біртіндеп «ресурсқа айырбас ретінде технология» моделінен «бірлесіп жаңа құн қалыптастыру» моделіне өтуге ұмтылып отыр.
Бұл – өте маңызды айырмашылық.
Біз Кореяға тек табиғи ресурстарымызды немесе ішкі нарығымызды ұсынып отырған жоқпыз. Біз бірге өндіріс құруды, технологияны ел ішінде игеруді, ғылыми кооперацияны дамытуды, кадр даярлауды және дайын өніммен әлемдік нарыққа бірге шығуды ұсынып отырмыз.
Мен депутат ретінде осы жердегі ең маңызды міндеттердің бірі – халықаралық деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың ұлттық деңгейдегі іске асу барысына тұрақты түрде назар аудару деп санаймын.
Себебі кез келген халықаралық келісімнің нақты құндылығы оның мәтінінде емес, азаматқа, экономикаға және мемлекеттің технологиялық әлеуетіне беретін нәтижесінде.
Президенттің пікірінше, аймақтың экономикалық табысын елдердің орнықты дамуынан бөлек қарауға болмайды
– Орталық Азияның өзара байланысын нығайту өңірдің экономикалық әлеуетін толық танытады, халықаралық бизнеске жол ашып, ауқымды бірлескен жобаларды іске асыруға тың серпін береді. Әлемде технологиялық және экономикалық тұрғыдан көшбасшы саналатын Корея Республикасымен ынтымақтастықты тереңдету осы мақсаттарға жедел қол жеткізуге ықпал етері сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондықтан алдағы кезеңде біз үшін маңызды көрсеткіштер мыналар болуы керек: қанша инвестиция тартылды, қанша өндіріс іске қосылды, қанша технология Қазақстанда локализацияланды, қанша қазақстандық маман даярланды, қанша қосылған құн ел ішінде қалды және қанша өнім үшінші нарықтарға шықты.
Бұл тұрғыдан алғанда алғашқы «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммиті – жақсы басталған саяси диалогтың жалғасы ғана емес.
Бұл – Қазақстанның өзінің ресурстық, географиялық және адами әлеуетін Кореяның технологиялық мүмкіндіктерімен ұштастырып, жаңа өндірістік және технологиялық экожүйе қалыптастыруға деген ұмтылысының көрінісі.
Ендігі мәселе – осы саяси импульсті жоғалтпай, оны нақты жобаларға айналдыру.
Халықаралық саясаттағы әрбір уағдаластықтың соңғы нәтижесі елдің ішіндегі нақты өзгеріспен өлшенуі керек. Меніңше, Кореямен бүгін қалыптасып отырған жаңа әріптестіктің басты мәні де осында.

