Site icon ATAMEKEN

Кітап оқудың 5 пайдасы

Screenshot

Кітап адамның жан дүниесінің айнасы, жүректің емі, ақылдың азығы. Сені үнсіз тәрбиелеп, жанашыр досыңа, ұстамды ұстазыңа айналады. Кітап оқысаң өткеніңе оралып, тарихпен тілдесесің, біліммен сусындап, ғаламның ғажабына үңілесің.

Кітап оқу ойды дамытып, сөздік қорды байытатын, күйзелістен арылтып, жадыны жақсартатын пайдалы әрекет. Адамның дүниетанымын кеңейтіп, сауатты сөйлеу мен жазуға баулиды.

Сыни ойлау қабілетін дамытады. Сыни ойлау – бұл белгілі бір тақырыпқа, сұраққа немесе идеяға терең әрі жан-жақты талдау жасау қабілеті. Бұл өздігінен пайда болмайды. Тұрақты машықтануды талап ететін маңызды дағды. Мұны күнделікті жаттығу арқылы адам өзінің бұлшық еттерін күшейтіп, үнемі формада жүруімен салыстыруға болады. Адам кітапқа жақын болған сайын, өзгенің көзқарасын түсінуге, біреудің мәселесін шешуге бейімделеді. Көз жүгірту арқылы адам тек оқиғаны емес, өмірді саралауды, шынайы шешім қабылдауды үйренеді. Бір ғалымнан: «Адамды қалай бағалайсың?» – деп сұрағанда, ол: «Одан қанша кітап оқитынын және қандай кітап оқитынын сұраймын», – деп жауап берген екен.

Ақпарат қарқыны күннен-күнге артып келе жатқан заманда сыни ойлау аса қажет. Жақсы кітаптар тек қателіктерді тануға ғана емес, терең ойлауға да баулиды. Мұндай әдебиеттерді тұрақты оқу адамды манипуляциялардан қорғайды және өз шешімдеріне сенімді болуға үйретеді.

Күйзелістен арылтып, ұйқыны реттейді. Кітап оқуға бар болғаны алты минут уақыт жұмсау күйзеліс деңгейін 68 пайызға дейін төмендетеді. Бұл таңғаларлық нәтиже. Адам кітап оқығанда, санасы күнделікті уайымнан, күйбең тіршіліктің қарбаласынан алыстайды. Ми тынышталып, бұлшық еттер босаңсиды, жүрек соғысы мен қан қысымы қалпына түседі.

Кітап оқу ұйқыны да жақсартады десеңіз алғашында таңғалуыңыз мүмкін. Алайда бұл ғылыммен дәлелденген шындық. Қазіргі технология дәуірінде кешкі уақытта теледидар қарау немесе телефонды шұқылау орнына кітапқа ден қою миды тыныштандырып, ұйқының уақыты болғанын білдіретін тамаша тәсіл. Экраннан бөлінетін көкшіл жарық адамның табиғи ұйықтау процесіне жауапты мелатонин гормонының бөлінуіне кедергі келтіреді. Бұл ұйқының бұзылуына, ұзақ уақыт бойы ұйықтай алмауға себеп. Осылайша, күнделікті кітап оқуды әдетке айналдырсаңыз, сапалы ұйқының кепілі ғана емес, жалпы өмір салтына да оң әсер етеді.

Психологтар стресті жағдайда өзің ұнататын жазушының кітабын оқуға кеңес береді. Жақсы кітаптағы өміршең ойлар жаныңды мазалап жүрген келеңсіз ойларды қуып қана қоймай, мәселені шешуге көмектесетін жақсы жолды да көрсетеді. Мысалы, қазақтың ұлы ақыны Абайдың ғибратты өлеңдерін, қарасөздерін қайталап оқыған сайын күрмеуі көп өмір түйткілдерін шынайы түсінуге жол ашады.

Кітап оқу өмірді екі жылға ұзартады. Мұны Йель университетінің ғалымдары дәлелдеген. Кітап оқығанда ми жасушалары арасындағы байланыс күшейеді. Бұл өз кезегінде нейродегенеративті аурулардың пайда болуын да тежейді.

Есте сақтау қабілетін күшейтеді. Кітап оқу есте сақтау қабілетін жақсартады. Имам әл-Бұхариге бір кісі келіп, есте сақтау қабілетін күшейтетін бір дәрі туралы сұрағанда, ол: «Кітаптарға тұрақты түрде үңілу – тез жаттаудың ең тиімді шипасы», – деп жауап берген. Біраздан бері кітап бетін парақтамағандар бірдеңе оқып-түсінуден мақұрым бола бастайды екен. Мейлі, кезінде жоғары оқу орнын бітірсе де. Оқудан бір қол үзіп алған адамның миы қабылдауды тоқтатып, жадысы әлсірей бастайды. Кино көргенде ми жұмыс істемей, керісінше демалады екен. Ал оқығанда оянып, әрекеттене бастайтын көрінеді. Ғалымдардың айтуынша, күнделікті өмірде мида жиналып қалатын лас ойларды кітап оқу ығыстырып, тазартады. Тазарған миға тамаша ойлар, тың идеялар келеді. Миды жаттықтырудың оңай жолы – көркем әдебиет оқу. Дене шынықтыру жаттығуларын күн сайын жасаған адам қандай ширақ болса, күн сайын оқуға көңіл бөлген адамның миы да сондай тұнық болады. Жүйелі түрде күніне орта есеппен 1–2 сағат кітап оқып, миды жаттықтырып отырған адамның есте сақтау қабілеті арта түсетіндігін ғалымдар анықтаған.

Табыс пен жетістікке жетелейді. Өмірінде жетістікке жеткен әрі тарихта аты қалған белгілі жандардың дені кітап оқуға құмар болған. Абайдың ақын інісі, философ Шәкәрім Құдайбердіұлы кезінде Ыстамбұл кітапханасына дейін барып, көп кітап оқыған. Артында 30 томдық мұра қалған Мәшһүр Жүсіп бабамыз да кітапқа құмар болған. Ширек ғасыр қазақ елінің тізгінін ұстаған Дінмұхаммед Қонаев атамыздың 5 мыңнан астам кітап қоры бар кітапханасы, белгілі ақын Қадыр Мырзаәлінің 7 мыңнан астам кітабы болған.

Ұлық имам Әбу Ханифа Құран мен сүннеттен бес жүз мәселенің үкімін айтып, төрт мыңнан аса пәтуа берген деген деректер айтылады. Әрине, бұл көп оқуды, ізденісті қажет ететіні анық.

Ал әлем халқын соңғы технологиялармен аузына қаратып, ғылымда төңкеріс жасап жатқандар да жас кезінен оқуға құмар болған жандар. Солардың қатарында миллиардерлер Билл Гейтс (жылына 50-ден астам кітап), Уоррен Баффет (күнінің көп бөлігін оқуға арнайды), Илон Маск сынды (кітап оқу арқылы зымыран құрастыруды үйренген) әлемдік деңгейдегі ірі бизнесмендерді атап өтсек болады.

Білім-ғылымның таусылмас қазынасы – кітап. Демек, жақсы өмір сүргісі келген адам кітап оқуы керек. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы тірнектеп жинаған құндылықтарын жырлардан, эпостардан, жалпы барлығын кітаптан табасың. Тіпті бұл тұтас ұлттың рухын көтеріп, ел болып қалудың да негізін айқындап береді. Оның жарқын мысалы ретінде финдерді айтсақ болады. XIX ғасырда фин халқы өзін ең сорлы, артта қалған ең мешеу ел санаған. Содан олар баяғы заманнан бері келе жатқан «Калевала» дейтін эпосын қайта жаңғыртып, оған бір меценаты бар ақшасын салады. Оған дейін финдердің әдебиеті негізінен швед тілінде дамыған. 1809 жылға дейін Финляндия швед корольдігінің құрамындағы елеусіз жатқан бір ел болатын. «Калевала» шыққаннан кейін фин халқының өмірінде өзгеріс болып, жоғалтқанын қайта тапқандай болып, біртіндеп ұлттық жаңғыру басталыпты. «Калевала» қазір Финляндияның ұлттық мақтанышына айналды. Оны әлем әдебиетіндегі баламасы жоқ бірегей эпос деп баяғыда бүкіл елге мойындатып тастаған.

Сөздік қорды көбейтеді. Кітапты оқыған сайын адамның өзіне деген сенімі күшейеді. Сөздік қоры көбейіп, ойын анық әрі дәл жеткізуге үйренеді. Өйткені кітаптағы оқиғалар, әрекеттер жадыңызда жаңғырып тұрады. Ойлау жүйеңіз кеңейеді, көркем сөйлеп дағдыланасыз, өзгеге деген жанашырлығыңыз да пайда болады екен. Ерік-жігеріңізді тәрбиелеу арқылы табанды бола түсесіз, шынығасыз, өміріңіз, іс-әрекетіңіз, жоспарыңыз жүйелене түседі.

Дұрыс сөйлей білу маңыздылығын ешқашан жойған емес. Ал кітап оқымаудың соңы өкінішке апарады. Атақты оратор, бизнес тренер Джим Рон: «90 күн бойы кітапты ұстамау және оқымау адамды ойсыздыққа жетелейді» десе, Рэй Брэдбери: «Кітап оқымау кітапты өртегеннен де ауыр қылмыс», – деген.

Жас кезде мүмкіндігінше оқуды әдетке айналдырған жөн. Себебі адамдардың көпшілігі отбасы құрғаннан кейін жұмысбасты болып, уақыт жетпей жан бағудың қамымен кетіп қалады. Сөздік қорды көбейту үшін көркем әдебиетті көп оқу, күнделікті жаңа сөздерді жаттау, сөзжұмбақ шешу және сөйлеу мәнерін жетілдіру қажет. Сондай-ақ синонимдерді қолдану, күнделік жүргізу және танымдық материалдарды қарау арқылы тіл байлығын дамытуға болады.

Бұл ойымызды қазіргі замандағы Ислам әлемінің атақты ғұламаларының бірі Аид әл-Қарни: «Пайдалы кітап – ең жақсы дос және сенен ештеңе талап етпейтін, бірақ көп нәрсе беретін. Ол сені ренжітпейді, алдамайды, жамандамайды, сатып кетпейді және зеріктірмейді. Пайдалы кітап қайғы-мұңды, уайымды, жаман ойларды және шайтанның азғыруларын алысқа қуалайды. Адасудан және дұрыс емес жолға түсуден қорғайды. Уақыттың пайдалы өтуіне септігін тигізіп, тіл байлығын жетілдіреді», – деп ойын түйіндейді.

Кеулімжай ҚҰТТЫ, «IMAN» журнал

Exit mobile version