Республика күніне орай Ұзынағаш ауылында «Саған кітап сыйлаймын» атты акция ұйымдастырылды.
Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында аудандық кітапхана мамандарының ұйымдастыруымен Ұзынағаш ауылында «Саған кітап сыйлаймын» атты танымдық акция өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – кітап оқуды насихаттау, оқырмандардың рухани-мәдени танымын кеңейту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және кітапқа деген қызығушылықты арттыру.
Акция барысында ауыл тұрғындарына аудандық кітапхана қорында сақталған сирек кітаптар топтамасы таныстырылды. Көпшілік назарына ұсынылған құнды басылымдар – өткен дәуірлерден сыр шертетін, ұлттың рухани мұрасын сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін асыл қазына. Әрбір кітаптың өз тарихы, тағылымы мен танымдық мәні бар. Осындай сирек басылымдарды көпшілікке таныстыру арқылы кітапхана мамандары оқырмандардың кітап әлеміне деген қызығушылығын оятып, тарихи-мәдени мұраға құрметпен қараудың маңызын көрсетті.
Шара барысында Мемлекет басшысының Жарлығымен белгіленген жеті кітап туралы да ақпарат берілді. Аталған кітаптардың маңызы мен мазмұнына назар аударылып, әдеби мұраны танып-білуге, рухани дүниені байытуға және кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға басымдық берілді.
Кітап – адамзаттың асыл қазынасы, білім мен парасаттың қайнар көзі. Ол адамның ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, өмірге деген көзқарасын қалыптастырып, рухани кемелденуіне жол ашады. Ал кітап сыйлау – жақыныңа қуаныш сыйлаумен қатар, білім мен ізгіліктің дәнін себу. Сондықтан «Саған кітап сыйлаймын» акциясының мәні де тереңде жатыр. Бұл – кітап арқылы адамдарды жақындастырып, қоғамда оқу мәдениетін дамытуға бағытталған игі бастама.
Республика күні – еліміздің мемлекеттілігі мен тәуелсіздік жолындағы тарихи таңдауының маңызын айқындайтын мереке. Осындай айтулы күн қарсаңында ұйымдастырылған рухани-танымдық шараның да мәні ерекше. Өйткені елдің ертеңі білімді, саналы, рухани бай ұрпақпен өлшенеді. Ал сол ұрпақтың қалыптасуына кітап пен кітапхананың қосар үлесі зор.
Аудандық кітапхана мамандарының бұл бастамасы кітаптың қоғамдағы орнын айқындап, рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған игі істердің жалғасы болды. Кітапқа құрмет – білімге құрмет, ал рухани мұраны сақтау – келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік.
Кітап сыйлау – ізгілік сыйлау. Кітап оқу – рухани байлыққа жол ашу. Осындай тағылымды бастамалар жалғасын тауып, әр шаңырақта кітаптың қадірі арта берсін!
Республика күні құтты болсын! Еліміздің рухани қазынасы молайып, кітап оқитын ұрпақтың қатары көбейе берсін!
автор аудандық орталық кітапхана директоры А.Садуақасова
