Кәсіпкерлік – ел экономикасының дамуына ықпал ететін маңызды салалардың бірі. Әсіресе шағын және орта бизнестің өркендеуі халықтың әл-ауқатын арттырып, жергілікті жерлерде экономикалық белсенділіктің қалыптасуына жол ашады.
Мен де шағын болса да өз кәсібімді заңды түрде тіркеп, жұмыс жүргізіп отырған азаматтардың бірімін. Мемлекетке тиісті салықтарымды төлеп, аудан тұрғындарының күнделікті сұранысына сай қызмет көрсету арқылы қоғамға өз пайдамды тигізуге тырысамын. Мен үшін кәсіпкерлік – тек табыс көзі ғана емес, адал еңбек етіп, ауданымыздың дамуына үлес қосудың өзі бір бақыт.
Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституцияда кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне кепілдік берілуі біз сияқты шағын кәсіп иелері үшін аса маңызды.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Конституциясының 29-бабының 4-тармағында азаматтардың кәсіпкерлік қызмет бостандығына және өз мүлкін заңды кәсіпкерлік мақсатта еркін пайдалануына мемлекет кепілдік беретіні нақты көрсетілген.
Бұл норма кәсіпкерлердің өз ісін сенімді жүргізуіне, заңды құқықтары мен мүдделерінің қорғалуына негіз болады. Өйткені әрбір кәсіп иесі еңбегінің нәтижесі заңмен қорғалатынына сенімді болуы керек.
Сонымен қатар Конституцияның 38-бабында заңмен белгіленген салықтарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу әр адамның борышы екені айқындалған. Өз басым бұл міндетті мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілік деп түсінемін.
Менің ойымша, кәсіпкерлік еркіндігі мен заң алдындағы жауапкершілік бір-бірімен тығыз байланысты. Азаматтардың құқықтары қорғалып, адал еңбек етуіне жағдай жасалған қоғамда ғана кәсіпкерлік дамып, ел экономикасы нығая түседі.
Сондықтан жаңа Конституцияны қарапайым азаматтардың, соның ішінде өз кәсібін жүргізіп отырған жандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың маңызды кепілі деп санаймын.
Заң үстемдігі мен адал еңбек – берекелі кәсіптің, ал берекелі кәсіп – ел дамуының негізі.
Б. Айталы

