Апат айтып келмейді, қатерде аяқ астында. Бүгінде төтенше жағдайлар жиі орын алуда. Әсіресе, газ баллондарының жарылуынан оқыс оқиғалар қайталануда. Сол себепті газбен жабдықтау нысандарында өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтау қатаң бақылауда.
Тиісті мекемелерде қажетті шаралардың жүзеге асуын Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті қамтамасыз етеді.
Қазіргі таңда департамент тұтынушыларды табиғи газ желілеріне қосатын 13 газ тарату ұйымы, сұйытылған мұнай газын қабылдау, сақтау және өткізу бойынша 8 газ толтыру станциясы , оның ішінде 4 газ толтыру пунктін сондай-ақ, 249 автогаз құю станциясына өзіндік бақылау жүргізеді.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Ринат Рахумбулеков өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін облыстың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясының аудандық бөлімдерімен бірлесіп әлеуметтік нысандарға рейдтік тексерулер жүргізілетінін айтты.
Спикердің сөзіне сүйенсек, жыл басынан бері екі рет тексеру жұмыстары өткізілген. Әзірге құқық бұзушылық анықталмаған.
Газ тұтыну жанға жайлы болғанымен дұрыс пайдаланбаған жағдайда қауіп тудыратынын анық. Жауапты маман, өткен жылы облыста тұрмыстық баллондарды дұрыс қолданбаудан 13 төтенше жағдай тіркелгенін алға тартты.
«Газ баллондарын дұрыс пайдаланбау және сақтау ауыр апаттар мен жарақаттарға әкелуі мүмкін. 2 қабаттан биік үйлердің пәтерлеріне тұрмыстық баллондарды орналастыруға және пайдалануға тыйым салынады. Сонымен қатар, автогаз құю станцияларында автокөлікте пайдалануға арналмаған баллондарды толтыруға болмайды»,-деді Ринат Рахимбулеков.