Жамбыл ауданында жалпыұлттық «Таза Қазақстан» жобасы аясында «Көрікті көше» экологиялық акциясы ұйымдастырылып, аудан аумағында жол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған кешенді жұмыстар атқарылды.
Аталған акция аясында көшелерді санитарлық тазалау жұмыстарымен қатар, автомобиль жолдарына шұңқырлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жол белгілері жаңартылды және жол таңбаларын жаңарту жұмыстары жүзеге асырылды. Сонымен бірге, жол бойындағы аумақтар ретке келтіріліп, қоғамдық көлік аялдамаларына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, аудан көшелерінің санитарлық және эстетикалық жағдайын жақсарту, сондай-ақ тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру.
Акцияға аудан тұрғындары, жастар, еңбек ұжымдары мен коммуналдық қызмет саласының мамандары белсенді қатысты. Жалпы шара аясында 120-ға жуық адам жұмылдырылды.
Жүргізілген жұмыстар барысында аудан көшелеріндегі жол жабынының бүлінген бөліктері қалпына келтіріліп, көлік қозғалысына қолайсыздық тудыратын шұңқырлар жөнделді. Сонымен қатар, жол қозғалысын реттейтін белгілер жаңартылып, жаяу жүргіншілер өткелдері мен негізгі көшелердегі жол таңбалары қайта жаңартылды. Бұл жұмыстар тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге және ауданның жол инфрақұрылымының сапасын арттыруға бағытталды.

