Site icon Атамекен

Мемлекет басшысы инновацияны, соның ішінде жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге тоқталып, ұлттық экономиканы жаппай цифрландыру идеясы биылғы Жолдауының арқауы болғанына назар аударды

– Соңғы жылдары Қазақстан экономикасын реформалауға қатысты ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Мен Жолдауда ұсынған жоспарлар аталған бастаманы одан әрі өрбітеді. Бұл жерде еліміздің жаңа индустриалды қалыбын құру жөнінде сөз болып отыр. Энергетика және коммуналдық инфрақұрылым біртіндеп жаңғыртыла бастады. Қазақстан Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы негізгі құрлық дәлізі саналады. Сондықтан көлік-транзит әлеуетімізді арттыруға айрықша күш саламыз. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауға және азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Осы орайда мемлекет инвестициялық ахуал мен іскерлік ортаны жетілдіруге кірісті. Ұлттық экономиканы дамыту ісінде мемлекеттің ауқымды қаржылық мүмкіндігін жұмылдырумен қатар, ірі инвестиция тартуға тырысамыз. Дегенмен біздің басты байлығымыз – адам. Сол себепті мемлекет адам әлеуетін нығайту бағытында кешенді шара қабылдады. Ұстаздарды, дәрігерлерді, ғалымдар мен инженерлерді, жастарды қолдау тетіктері жаңа деңгейге көтерілді. Биыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Бұл шешім қоғамда еңбекқорлық культінің маңызды екенін көрсетеді. Біз жаңа мектептер құрылысына, жоғары білім, ғылым, спорт және креативті индустрия салаларын дамытуға, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қамсыздандыру жүйелерін жаңғыртуға қомақты қаржы бөліп отырмыз. Қоғамның экологиялық мәдениетін арттыру үшін жан-жақты шаралар қабылданды. Былтыр «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы басталып, оған миллиондаған отандасымыз қатысты. Мұның бәрі Әділетті, Таза, Қауіпсіз, Қуатты, Цифрлық Қазақстанды – жауапкершілігі жоғары азаматтардың мемлекетін, мүмкіндіктер мен прогрестер елін құру жолындағы басты бағдар саналады, – деді Мемлекет басшысы.

✔Қасым-Жомарт Тоқаев әлемде мәдениеттер арасындағы қарама-қайшылық күшейіп, сауда және санкция текетірестері бәсеңдемей тұрғанына, жаппай қарусызданудың орнына әскерді жарақтандыру жарысы басталып кеткеніне тоқталды.

– Дүние жүзінің әртүрлі аймағында жүріп жатқан гибридті соғыстардың майдан шебі айқын емес. Алайда қисапсыз адам шығынына ұшыратып, толассыз босқындар нөпіріне түрткі болуда. Экономикаға орасан зор залал тигізіп отыр. Ядролық қақтығыс қаупі қатты алаңдатады. Сарапшылар зұлымдық пен мейірімділік тартысқа түсетін мұндай шешуші сәттің болу ықтималдығы соңғы он жылда күрт артқанын жиі айта бастады. Өкінішке қарай, әлемде конструктивті ұсыныстарды ортаға салып, саяси ұстамдылық танытудан гөрі өшпенділік өршіп, геосаяси жіктің арасы алшақтап, әлеуметтік шиеленіс одан сайын ушығып барады. Менің ойымша, мұндай қилы кезеңде диалогқа шақыратын, бірін-бірі жатсынуды доғаруға үндейтін, халықаралық аренадағы өзара сенімді арттыратын басты амал ретінде конструктивті дипломатия алдыңғы орынға шығуы керек, – деді Президент.

Exit mobile version