Қадірлі ұстаздар! Құрметті қауым!
Ең алдымен, баршаңызды дәстүрлі Тамыз конференциясының ашылуымен құттықтаймын! Бүгінгі жиынға Қазақстанның барлық аймағынан ұлағатты ұстаздар арнайы келіп отыр.
Мықты мұғалім – сапалы ұлттың тірегі, бұл – нағыз ақиқат. Бүгін өте ұтымды, мазмұнды баяндамаларды тыңдадық, тиімді пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Сөз сөйлеген ұстаздарға, бүкіл мұғалімдер қауымына ризашылығымды, ілтипатымды білдіремін. Тиісті министрлік, жалпы Үкімет айтылған мәселелерді үнемі назарда ұстауы керек. Бұл жұмысты аса маңызды стратегиялық міндет деп түсіну қажет.
Ұстазды ұлықтаған елдің келешегі жарқын болары айдан анық. Ұлы Абай 38-ші қара сөзінде адамның адамдығы жақсы ұстаздан болатынын айтқан. Сіздер жас буынға терең білім беріп, саналы, озық ойлы және отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге зор еңбек сіңіріп жүрсіздер. Осылайша, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға атсалысып келесіздер.
Биылғы Тамыз конференциясы еліміздегі ауқымды өзгерістер кезеңіне тұспа-тұс келді. Бәріміз бір ел болып, түбегейлі реформаларды ойдағыдай жүзеге асырдық. Наурыз айында өткен жалпыұлттық референдум нәтижесінде жаңа Халық Конституциясы қабылданды. Тұтас қоғам қолдаған Ата заң бірінші шілде күні күшіне енді. Бұл – еліміз үшін маңызы ерекше тарихи оқиға.
Бас құжатта тұңғыш рет білім саласына айрықша мән берілді, яғни адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамыту еліміздің стратегиялық бағыты ретінде айқындалды. Қазір бүкіл билік жүйесін және қоғамдық институттарды ауқымды жаңғырту жұмысы жүріп жатыр.
Осыдан бірнеше күн бұрын алғашқы Құрылтай сайлауы өтті. Ал кеше оның нәтижелері шықты. Бұл өте маңызды саяси науқан, саяси іс-шара деп те айтуға болады, шын мәнінде, бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Осы істе Орталық сайлау комиссиясы үлкен рөл атқарды. Сайлау үдерісіне дұрыс шешімдер, соның ішінде жасанды интеллект технологиясы енгізілуде. Мұндай әдіс-тәсілдер науқанның сапасын арттыра түсті.
Сондай-ақ сайлауға шетелдік байқаушылар тарапынан да қызығушылық жоғары болды. Халықаралық қауымдастық сайлау нәтижесін мойындады, оның ұлттық заңнамаға және барлық талаптарға сай өткенін атап өтті.
Мен бүгін Конституцияның 46-бабына сәйкес бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясын шақыру туралы Жарлыққа қол қойдым. Алқалы жиын 28 тамыз күні болады. Оған дейін Құрылтайға өткен партиялар депутаттардың тізімін әзірлеуге тиіс.
Жалпы, Құрылтай сайлауы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне үлкен өзгеріс әкелді. Партиялар ұсынған тізімге тәжірибесі мол түрлі мамандық иелерімен қатар, саясатқа жаңадан келген азаматтар да енді. Олардың қатарында қабілетті жастар, соның ішінде Президенттің кадрлық резервінің мүшелері бар. Жаңа буын өкілдері саяси науқанды жандандыра түскені сөзсіз. Халыққа адал қызмет еткісі келетін, жауапкершіліктен тайсалмайтын, жаңашыл адамдардың бәріне бірдей мүмкіндік берілді. Түптеп келгенде, бұл – қалыпты, яғни эволюциялық үдеріс.
Осы орайда саяси партиялардың белсенділігін, олардың идеологиялық ұстанымдарын, кәсіби деңгейін ерекше атап өткім келеді. Саяси дода кезінде ел болашағына тікелей ықпал ететін ұтымды ұсыныстар айтылды. Сайлаушылар да бұл жұмыстан тыс қалған жоқ, олар әр мәселе бойынша өз пікірлерін ашық білдіріп отырды. Бұл үгіт-насихат кезінде болған ұлттық теледебаттардан, ақпарат алаңындағы ашық пікірталастардан анық байқалды.
Осылайша, қоғамда өзара құрмет пен жауапкершілік және пікір алуандығы құндылықтары орнығып жатыр, жаңа саяси мәдениет қалыптасуда.
Қадірлі ұстаздар!
Ұлтымыздың келешегін айқындайтын тарихи өзгерістер табысты болуы үшін, ең алдымен, қоғамдық сана жаңғыруға тиіс. Бұл істе мәртебелі мамандық иесі – мұғалімнің рөлі айрықша маңызды. Әлемді ең дамыған технология өзгертуі мүмкін. Ал адамды, оның дүниетанымын өзгерту – нағыз ұстаздың ғана қолынан келетін іс. Сондықтан мемлекет білім жүйесін дамытуға әрдайым баса назар аударады.
Соңғы жеті жылда бұл салаға бөлінетін қаржы үш есе артып, 6,4 триллион теңгеге жетті. Кейінгі бес жылдың ішінде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1120 мектеп салынды. 5 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық қоры жаңартылды. Білім ошақтарында 7 мыңнан астам заманауи үлгідегі пән кабинеттері жасақталды. Өздеріңізге мәлім, осыдан екі жыл бұрын менің тікелей тапсырмаммен «Келешек мектептері» жобасы бастау алды. Осы жоба аясында 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп салынды. Заманауи мектептердің жаңа стандарты пайда болды десек, артық болмайды. Алайда, біз әрбір өңірде, соның ішінде мектептерге сұраныс бар аудандарда сапалы оқу орындарының құрылысын міндетті түрде жалғастырамыз. Бұл – алдымызда тұрған мемлекеттік маңызға ие аса өзекті міндет. Уақытты созбай жұмысқа кірісуіміз керек, келесі жылы құрылыс барысы қарқынды болуы қажет. Ұстаздың беделін нығайтып, оларды жан-жақты қолдау үшін белсенді жұмыс атқарылып жатыр. «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. Биыл бұл заңға толықтыру енгізіліп, ұстаздарға қосымша құқықтық және әлеуметтік кепілдіктер берілді. 5 қазан күні ұстаздардың кәсіби мерекесі ретінде нақты бекітілді. Мемлекеттік марапаттар тізіміне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілді. Бұл мәртебелі наградамен марапатталған тұлғаларға қомақты сыйақы беріліп жатыр. Қазірдің өзінде 100-ге жуық мұғалім марапатталды. Басқа да лайықты ұстаздар мемлекет назарынан тыс қалмай, осы құрметті атаққа ие болары күмәнсіз. Соңғы үш жылда еліміздегі 3 мұғалімге ең жоғары мемлекеттік награда – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Бұл ұстаздар қауымына деген айрықша құрметтің белгісі екені сөзсіз. TALIS-2024 (The OECD Teaching and Learning International Survey) зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, Қазақстан мұғалімдердің беделін нығайту көрсеткіші жөнінен екінші орында тұр. Сондай-ақ ұстаздардың еңбекақыға қанағаттану өлшемі бойынша еліміз әлемдегі алғашқы бес мемлекеттің қатарына кіреді. Атап айтқанда, ұстаздардың 95 пайызы өз жұмысына көңілі толатынын айтқан. Ал 80 пайызы осы мамандықты қайта таңдауға дайын екенін жеткізген. Баршаңызға зор алғыс! Ұстазды қадірлей білу – өркениетті қоғамға тән қасиет. Біз ұлт сапасын арттырамыз десек, бірінші кезекте мұғалімдерге барынша қолдау көрсетуіміз керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным. Жалпы, еліміздегі білім саласын дамыту үшін көп жұмыс атқарылды. Нақты нәтижелер де бар. Былтыр оқушыларымыз 30-дан астам беделді халықаралық олимпиада мен ғылыми жобаға қатысып, мыңнан астам медаль жеңіп алды. Ауыл мектебінен шыққан республикалық олимпиада жүлдегерінің саны 10 есе ұлғайды. Осылайша, қала мен ауыл мектебіндегі білім сапасының алшақтығы айтарлықтай азайып келеді. Алайда арқаны кеңге салуға әлі ерте, алдымызда көп жұмыс бар, оны тиімді атқаруымыз қажет. Білім беру саласында әлі күнге дейін шешімін таппай отырған біраз түйткіл бар. Сондықтан бірқатар өзекті мәселеге арнайы тоқталғанды жөн деп санаймын. БІРІНШІ мәселе. Оқу-ағарту саласындағы кадр тапшылығын жойып, ұстаздардың біліктілігін көтеру қажет. Бұл бағытта жүйелі шаралар қолға алынуда, нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның арқасында білім саласын таңдаған жастардың қатары көбеюде. Бұл – жақсы үрдіс. Биылдың өзінде мектеп бітірген 12 мыңнан астам түлек педагогикалық мамандық бойынша мемлекеттік грант иегері атанды. Олардың 2 мыңнан астамы – мектепті «Алтын белгімен» бітіргендер. Дегенмен кадр мәселесін түпкілікті шешу үшін әлі де біраз шаруа атқарылуға тиіс. Елімізге тағы да 5 мыңнан астам мұғалім керек. Себебі халық саны тұрақты түрде артып келеді. Соңғы жылдары салынып жатқан мектептердің саны да едәуір көп. Осы жағдай педагог мамандарға деген сұранысты арттырып отыр. Бұл мәселе бойынша министрлік тың тәсілдер ұсынуға тиіс. Сонымен қатар мұғалімдердің біліктілігін көтеру мәселесіне ерекше назар аударған жөн. Алайда осы саладағы кезекті ауқымды реформаны жасаймыз деп, бүкіл оқу жүйесін қысқа мерзімде түбегейлі өзгертуге болмайды. Әйтпесе, бұрыннан қалған теріс нәтижелер осы аса маңызды саланың тас-талқанын шығарғаны есімізде бар. Осындай сынақтар оқу саласына үлкен зиян әкелді. Тек реформа үшін жай ғана аты бар, заты жоқ реформалар жүргізуді доғару қажет. Басқа сөзбен айтқанда, реформаларды, өзгерістерді, әрине, жүргізу керек, бірақ ондай өзгерістер мұғалімдерді әбден шаршатып, оларды күйзеліске ұшыратпауы керек. Әрбір реформаны, әсіресе, білім саласындағы реформаны жүзеге асыру алдында оны жан-жақты саралау қажет, оның тиімділігіне әбден көз жеткізу керек. Реформа, бұл – бастапқы сынақ, эксперимент емес, бұл – жауапты шешім мен іс-шара.
Үкімет педагогикалық жоғары оқу орындарының қызметін қайта қарау кезінде бұл мəселені міндетті түрде ескеруге тиіс.
Ұстаздарды мектеп пен балабақшадағы жұмыстың кəсіби ерекшеліктеріне барынша бейімдейтін бірыңғай жүйе құру қажет деген ұсыныс бар екен. Оны жан-жақты қарап, қажет болса, іске асыру керек. Бұл іске əдістемелік орталықтар, мектепке дейінгі, орта жəне қосымша білім беру мекемелері белсене атсалысуға тиіс. Осы салаға жауапты министрліктер педагогтердің жаңа буынын даярлау үшін күш жұмылдыруы керек. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жұмыла əрекет ету қажет.
Өздеріңізге мəлім, мұғалімдерге кəсіби қолдау көрсету үшін «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы құрылды. Бірақ бүгінде бұл ұйымның жұмысы мардымсыз деуге болады. Мəселен, маған ұстаздардан аттестация ережесін қайта қарау туралы көптеген өтініш келіп түсті. Мұғалімдер артық жүктеменің жəне қағазбастылықтың көп екенін айтып, шағымданып отыр.
Осыған орай, мен педагогтерді аттестациядан өткізу талаптарын оңтайландыру, жетілдіру жөнінде нақты тапсырма бердім. Бұл жерде бағалаудан мүлде бас тарту немесе оны күрделендіру туралы сөз болып отырған жоқ.
Білімді əділ бағалау – білім беру жүйесінің өзегі. Бізге мейлінше түсінікті əрі ашық жүйе керек. Бұл – өте маңызды мəселе, оны қарастырған кезде жоғары жауапкершілік пен мінсіз кəсібилік таныту қажет. Тиісті министрлік бұл мəселемен айналысып, көп ұзамай нақты ұсыныстар беруге тиіс. Біліктілікті көтеру бағдарламаларына жаңа Конституция құндылықтарын, сондай-ақ, «Заң мен тəртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» идеяларын енгізген жөн, бұл қызметтік міндет деп айтуға болады.
ЕКІНШІ мəселе. Аймақтар арасындағы білім сапасына қатысты алшақтықты жою қажет. Осы тұста Ұлттық бірыңғай тестілеудің биылғы нəтижелеріне тоқталғым келеді. Мəселен, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарының, сондай-ақ, Астана жəне Алматы қалаларының түлектері жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Ал Түркістан, Ұлытау, Атырау, Ақтөбе жəне Алматы облыстарындағы жағдай жақсы деп айту қиын.
Əсіресе, тиісті министрлік пен əкімдік Түркістан облысындағы ахуалға назар аударуы керек. PISA ұйымының зерттеуі де Түркістан облысындағы білім сапасының мəз емес екенін көрсетті. Бұл – аймақтың оқу-ағарту жүйесінде олқылықтар əлі бар деген сөз. Бірақ облыстағы жағдайды дағдарыс деп те айтуға болмайды.
Мəселе мынада: облыста білім алып жатқан оқушылардың 75 пайызға жуығы ауылда тұрады. Олардың жан-жақты жəне қарқынды дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Қажетті инфрақұрылым салып, шалғай елді мекендерге мықты мамандарды тартқан жөн. Бұл – Үкіметтің жəне əкімдіктердің алдында тұрған жедел міндет, жұмысты жоспарлы түрде тездетіп атқарып, нақты нəтижелерге қол жеткізу қажет. Жалпы, төмен нəтиже көрсеткен барлық аймақтың əкімдері бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі керек. Үкіметке осы жұмысты тиімді үйлестіруді тапсырамын.
Бұдан бөлек, Президент Əкімшілігіне Үкіметпен бірлесіп, төмен нəтиже көрсеткен облыстарға нақты көмек көрсетуді, мысалы, арнайы талдау жүргізуді тапсырамын. Ал Үкімет білім жүйесінің тиімділігін арттыра түсетін жан-жақты зерттелген шешімдер ұсынуға тиіс. Бұл мəселеде жетістікке ие болған мектептер мен даму институттарының мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланған жөн.
Құзырлы министрлік орта білімнің мазмұнын заман талабына сай жаңғыртуы қажет. Мысалы, тарихи аңыздар мен шындыққа сай келмейтін оқиғалардың орнына өскелең ұрпаққа ілгерілеуге, прогреске бағытталған пəндерді оқыту қажет. Ал тиісті бағдарламаларды даярлау, бұл – министрліктің жедел мақсаты.
«Келешек мектептері» инновациялық шешімдерді енгізу жəне ұлттық білім беру үлгісін қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқаруы керек. Осы орайда Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясына зор жауапкершілік жүктеледі. Алдағы үш жыл ішінде «Келешек мектептері» білім берудің озық тəжірибелерін сынақтан өткізетін орталыққа айналуға тиіс.
Білім жолы – сынағы мен қиындығы көп жол. Осы жолда табысқа жетіп, бейнеттің зейнетін көру үшін, ең алдымен, табанды еңбек ету қажет. Түптеп келгенде, бəріміздің мақсатымыз – бір, мүддеміз – ортақ екенін естен шығармаған абзал.
Бұл орайда бір мəселеге арнайы тоқталып өткім келеді. Көбіңізге белгілі, əлеуметтік желіде білім саласына қатысты қызу пікірталастар болып тұрады. Кейде мұндай дау-дамайларға білім жүйесінің бұрынғы жəне қазіргі лауазымды тұлғалары араласып жататыны көзге түсетін болды.
Өкінішке қарай, осындай тартыстар білім саласына пайдасын тигізеді деп айту қиын. Өркениетті пікірталастардың орнына айқай-шу мен даңғазаны тыңдап отыруға мəжбүрміз. Тіпті ұстаздар қауымы да ондай пікірталастардың түпкі мəнін түсіне алмай дал болуда.
Əрине, балалардың болашағы үшін алаңдап, ұтымды ұсыныстар білдіру – бір бөлек əңгіме. Ал жанашыр болып емес, жақсы атты болу үшін пікір білдіру – тіптен басқа мəселе. Өнбейтін дауды қуып, өрісімізді кеңейте алмайтынымыз анық. Қазір бос, бұрыс сөздің уақыты емес, нақты, дұрыс істің дəуірі. Осыны ескерген жөн.
ҮШІНШІ мəселе. Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу. Жаңа цифрлық дəуірге қадам басқан тұста адами капитал дамудың аса маңызды факторына айналып отыр. Дəл осы бағытта Қазақстанның əлеуеті зор.
Балаларымыз – талантты. Əлемде жоғары бəсекеге қабілетті екенін көрсетіп жүр. Бірер күн бұрын Ақордаға лайықты марапаттарын алу үшін халықаралық зияткерлік олимпиада жеңімпаздары арнайы келді. Осы оқу жылында дарынды балаларды қосымша ынталандыру шараларын қабылдауды тапсырдым. Олимпиададағы табыстарына ғана емес, ғылыми жобалар байқауындағы жеңістері үшін де ақшалай сыйақы беріледі.
Озық технологиялар мен жастардың зияткерлік əлеуеті үйлесім тауып, қазірдің өзінде елеулі экономикалық нəтиже беріп отыр. Жаңа стартаптар ашылып, алғашқы «сыңармүйіз стартаптар» пайда болды. Осы тəжірибені кеңейту үшін білім беруді басты орынға қоятын инновациялық экожүйе құру қажет. Сол себепті Цифрландыру жəне жасанды интеллект жылы аясында саланы басқарудың платформалық үлгісіне көшу басталды. Білім беру базасын жаңғырту қолға алынды. Яғни бүкіл мемлекеттік сервис пен қызмет біріктіріледі.
Мұғалімдер уақыт алатын шаруадан арылады. Əсіресе, соңғысы өте маңызды. Педагогтерді ығыр қылатын қағазбастылықтан, бітпейтін есептен, аттестациядан өту талабынан жəне басқа да пайдасыз тексерістерден босату керек.
Мұғалімдерді жөндеу жұмыстарына, оқу процесіне тікелей қатысы жоқ түрлі қоғамдық іс-шараларға тартқаны туралы жаңалықтар ара-тұра шығып жатады. Бұл жөнінде əлдеқашан келіскенбіз. Бұған жол беруге болмайды.
Оқу-ағарту министрлігі мен əкімдік басқармалары, ең алдымен, құқықтық-нормативтік актілер мен саланы реттеу базасын жетілдірумен, оқу үдерісін тиімді ұйымдастырумен жəне білім беру бағдарламаларын мұқият саралаумен айналысуы қажет.
Жақында Үкімет жұртшылыққа нəтижелі жұмыстың қорытындысын жариялады. Мектеп оқулықтарынан 700-ден астам өрескел қате табылған. Мұның бəрі орта білімнің сапасына нұқсан келтіреді десек, артық айтқандық емес.
Əлгінде ғана тексерілмеген тарихи деректер мен оқиғалар сипатталатын, балаларға жалған «қаһармандар» мен олардың «ерлігі» жөнінде əңгімелейтін аңыздар енген оқу материалдарын қайта қарау қажет екенін айттым. Жалған, ойдан құрастырылған мəліметтер тарату арқылы балаларды отаншылдыққа тəрбиелеу жақсылыққа апармайды. Бұл халқымыздың ар-ұжданына қайшы.
Ұдайы жапа шеккен ұлт кейпінен арылуымыз керек. Бұл жөнінде үнемі айтып келемін. Біздің кейбір қаламгерлеріміз «мұң» деген сөзді жақсы көреді: «жүрегімде мұң, көзімде мұң»! Мұң-қайғы жастық шаққа, жастарға жараспайды.
Жастарымыз өз халқының тарихын дұрыс түсіне отырып, болашаққа үмітпен жəне сеніммен қарауға тиіс. Еліміздің жастары оптимист болып, еңсере алмайтын қиындық жоқ екенін білуі қажет. Біз өз күш-қуатымызға сенетін, мықты ұлтқа айналуымыз керек. Мұң, қайғы, күйзеліс – жастарымызға жат нəрсе болуға тиіс.
Биыл мамыр айында Орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы арнайы Жарлыққа қол қойдым. Алайда жаңа оқу жылының қарсаңында тапсырма тиісті деңгейде орындалмады. Бұл – үлкен кемшілік. Себебі неде?
Қалай болғанда да технология қарыштап дамыған заманда мұндайға жол беруге болмайды. Балалар мен педагогтердің жасанды интеллектіні жүйелі əрі дұрыс қолдану тəртібін белгілейтін пəрменді шараларды шұғыл қабылдау қажет. Жастар, əсіресе, ауыл жастары цифрлық құрылғыларды, мəселен, смартфонды тұрақты табыс табуға пайдалана білуі керек. Сіздерді құлаққағыс етейін, Жолдауда осы жөнінде нақты міндет қоямын.
Бізге цифрлық мемлекеттен цифрлық халық экономикасы деген түсінікке көшу қажет. Басқаша айтқанда, жасанды интеллект пен оның мүмкіндіктері ермек емес, кіріс көзі болуға тиіс.
Жоғары білім саласында жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық, құқықтық жəне ұйымдастыру ерекшеліктерін ескеретін ортақ стандарт бар. Үкімет дəл осындай стандартты орта жəне кəсіптік-техникалық білім беру жүйесіне де енгізуі қажет.
Жаңа формация мамандарын даярлауды орта білімнен бөліп қарауға болмайды. Төменнен жоғары қарай біртұтас жүйе болғаны жөн. Осы орайда, 18 жасқа толған жасөспірімдердің мектеп партасында отырғаны қаншалықты дұрыс деген орынды сауал туады. Əдетте Назарбаев зияткерлік мектептерінде жəне жекеменшік білім ошақтарында солай қалыптасқан. Қазіргі балалар физиологиялық тұрғыдан тез жетілетінін ескерсек, бұл қаншалықты ақылға қонымды? Министрлік осы мəселені қарастырып, қажет болса тиісті шешім жолдарын ұсынады деп ойлаймын. Конституциямызда жалпыға бірдей білім беру стандарты белгіленген. Мұны міндетті түрде ескеру керек.
Қыркүйекте Жасанды интеллект университеті ашылады. Бірақ бұл жеткіліксіз деп ойлаймын. Үкімет Қытайдың жаңа технологияларды меңгерудегі жетістігі мен тəжірибесін ескере отырып, Астанада Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебін ашу мəселесін пысықтағаны жөн.
ТӨРТІНШІ мəселе. Балаларды қорғау жəне олардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау – аса маңызды міндет. Бұл – мемлекет саясатындағы негізгі басымдықтың бірі. ЮНИСЕФ Қазақстанның осы салада Орталық Азия елдеріне ғана емес, Еуропадағы бірқатар мемлекетке үлгі бола алатынын мəлімдеп отыр. Бұл халықаралық ұйымға ризашылығымды білдіремін.
Шын мəнінде, біз бұл бағытта көп жұмыс атқардық. 2024 жылдан бері «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 7 миллионға жуық баланың есепшотына қаражат аударылды. 2024 жылы – 695,5 миллион доллар, 2025 жылы – 888,8 миллион доллар, 2026 жылы – 901,7 миллион доллар болды. Бұл жұмыс еліміздің үлкен жетістігі екені сөзсіз. Көптеген мемлекет балаларға арналған осындай ауқымды қолдау саясатын жүргізе алмай отыр.
Жыл басынан бері «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы жүзеге асырыла бастады. Бұл құжатта өскелең ұрпақты қолдауға арналған шаралардың бəрі көрініс тапты. Барлық аймақта балалардың құқықтарын қорғау басқармалары, сондай-ақ, психологиялық қолдау орталықтары құрылды.
Бұған қоса, инклюзивті білім беру жүйесі қарқынды дамып келеді. Бірақ шешімін таппаған түйткілдер де бар. Мəселен, ақпараттың шамадан тыс көбейіп кетуі қоғамға, соның ішінде жас ұрпаққа кері əсерін тигізе бастады. Мұндай ахуал азаматтардың жұмыс қабілетін төмендетеді. Бұл, əсіресе, болмыс-бітімі енді қалыптасып келе жатқан балалар үшін өте қауіпті.
Əлеуметтік желілер, цифрлық платформалар, жасанды интеллект пен агрессивті маркетинг балалар дүниетанымына отбасы мен мектептен кем əсер етпейді. Өскелең ұрпақтың психологиялық саулығы мен эмоциялық тұрақтылығы, адамгершілік тəрбиесі ұлттық қауіпсіздікке жəне елдің орнықты дамуына ықпал ететін маңызды факторға айналды.
Қазіргі жағдай 2018 жылы қабылдаған «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» Заңды қайта қарауды жəне елеулі өзгерістер енгізуді талап етеді.
Үкімет 16 жасқа толмаған пайдаланушыларға əлеуметтік желіде тіркелуге тыйым салатын заң жобасын əзірледі (биыл маусым айында Парламент қарауына ұсынылды). Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында депутаттарға осы мəселені қарастыруды ұсынамын.
Көптеген озық елдер осы іспеттес шаралар қабылдады. Бізге де балалардың психологиялық жай-күйіне төнген қауіптің салдарымен күресуді доғарып, алдын алатын кез келді деп ойлаймын. Əйтпесе бұл қоғамның тұрақтылығына кері əсерін тигізеді.
Үкімет балаларды қорғау мақсатында мазмұнды (контентті) сүзгіден өткізу шараларын қабылдағаны жөн. Белгілі бір, мейлінше объективті себептерге байланысты жауапкершілікті ата-аналарға ғана артып қоя алмаймыз. Сондықтан балаларға арналған міндетті SIM-карталарды енгізу тəжірибесін жаппай таратуды тапсырамын. Бұл олардың ақпараттық иммунитетін қамтамасыз ете алады.
Тағы бір мəселе. Фаст-фудтың агрессивті жарнамасы қаптап кетті. Тез ішіп-желінетін тағам зиянды əдет қалыптастырады, денсаулық сақтау жүйесіне салмақ түсіреді, еліміздің еңбек күші əлеуетіне теріс əсер етеді. Дəрігерлердің бақылауында қант диабетіне шалдыққан 7 мыңға жуық бала бар. Олардың саны көбеймесе, азайып жатқан жоқ.
Көптеген ел құрамында май, қант жəне тұз мөлшері жоғары өнімдердің жарнамасына тыйым салады немесе шектеу қояды. Бұл өте күрделі мəселе. Түрлі шетін тұстары, пікірталастарға негіз болған медициналық, тіпті саяси астары бар. Дегенмен Үкімет, ең алдымен, балаларымыздың саулығын ойлап, аталған проблеманың ұңғыл-шұңғылын мұқият зерделеуі керек.
БЕСІНШІ мəселе. Бала тəрбиесі мəселесіне баса мəн беру қажет. Қоғамда заң мен тəртіпке, тазалыққа, мəдениеттілікке негізделген жаңа этика қалыптастыру ісі дəл осы маңызды миссияны жүзеге асырудан басталады. Қазір елімізде 7 миллионға жуық бала бар. Жастармен қоса есептегенде олардың үлесі халық санының жартысына жуықтайды.
Еліміздің келешегі жарқын болсын десек, ең алдымен, ұлағатты ұрпақ тəрбиелеуіміз керек. Жастардың бойына отаншылдық, білімпаздық, еңбекқорлық құндылықтарын сіңіруіміз қажет. Əйтпесе, салынған мектептерден, білім саласындағы инновациялық шешімдерден еш нəтиже болмасы анық. Бұл тұрғыдан алғанда, оқу-ағарту саласы айрықша рөл атқаратыны баршаға мəлім.
Мектептер сапалы біліммен қатар тағылымды тəрбиенің ошағы болуы керек. Балалар мектепке зор ынтамен баруы қажет. Олар мектепті білім алатын, құрдастарымен араласатын жəне өміріндегі ең тамаша жылдарды – балалық пен жастық шақтың шынайы ғажап кезеңдерін өткізетін өз үйіндей қабылдауға тиіс. Қалай болғанда да, жағдай дəл солай болуы қажет.
Тағы бір өзекті мəселе. Біз жастардың құқықтық сауатын арттыруға баса мəн беруіміз керек.
Менің тапсырмам бойынша осы жылдан бастап мектептерде «Құқық негіздері» пəні оқытылатын болды. Бұдан бөлек, оқу бағдарламасына «Конституция негіздері» жəне «Заң мен тəртіп» курстары енгізіледі. Негізгі мақсат: тек заңды сақтайтын, Конституцияны сыйлайтын жастар ғана жарқын келешекке, мол табысқа қол жеткізеді, түсінікті тілмен айтсақ, бақытты өмір сүреді.
Ал заңға немқұрайлы қарайтын, заң ережелерін бұзып жүрген жастар қылмыстық жазасын алып, өз өміріне балта шабуда. Өкінішке қарай, бұл өте қарапайым ақиқатты көптеген жас азаматтар білмейді де, түсінбейді де. Біздің міндет – оларға өмірдің осы шындығын түсіндіріп айту.
Жалпы, оқулықтардың мазмұны заман талабына, сондай-ақ, жаңа Конституция идеяларына сай болғаны өте маңызды. Осы міндеттің сапалы əрі уақтылы орындалуына Үкімет пен тиісті министрлік тікелей жауапты.
Сондай-ақ өскелең ұрпақты табиғатқа қамқор болуға тəрбиелеу қажет. Мен бұған дейін мектептер мен жоғары оқу орындарына экологиялық ағарту саласының бірыңғай стандарттарын енгізу қажеттігі жөнінде айттым. Үкімет бұл жұмысты жыл соңына дейін аяқтауға тиіс.
Сонымен қатар «Адал азамат» біртұтас тəрбие бағдарламасының қолданыс аясын кеңейте түсу керек. Қазір бұл бағдарлама, негізінен, орта білім саласында ғана жүзеге асырылып жатыр. Ұрпақ тəрбиесі – ел тағдырына тікелей əсер ететін аса маңызды міндет. Дегенмен осы мəселеге келгенде барлық жауапкершілікті тек мектептерге артып қою дұрыс емес.
Біз тұтас қоғам болып, балаларға қауіпсіз əрі қолайлы орта қалыптастыруымыз керек. Ең маңызды мақсат: Конституцияның негізгі қағидаттары ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі болуға тиіс. Жастарымыз Конституцияны жақсы білуі қажет. Сонда ғана қоғамымыз өркениетті, білімді, ұқыпты, ал еліміз өте дамыған əрі озық болатынына күмəн жоқ.
Кітап оқу мəдениетін насихаттауға айрықша назар аударған жөн. Биыл тиісті Жарлыққа қол қойдым. Үкімет осы жұмысқа қоғам белсенділерін, шығармашылық пен ғылыми қауымдастық өкілдерін, журналистер мен кəсіпкерлерді көптеп тартқаны жөн.
Балалардың ғылымға қызығушылығын оятпасақ, адам əлеуетін нығайту мүмкін емес. Бұл істе оқушыларға арналған ғылыми музейлер мен зерттеу орталықтары маңызды рөл атқаратынын əлемдік тəжірибе көрсетіп отыр. Дəл осындай алаңдар оқушыларға білімін іс жүзінде қолданып көруге, тəжірибе жүргізуге, ғалымдардың еңбегімен танысуға жəне болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға мүмкіндік береді.
Осы орайда Астанада, Алматыда жəне бірқатар облыс орталығында балаларға арналған Жаратылыстану музейін ашу орынды деп санаймын.
Екі жыл ішінде Астана, Алматы, Қызылорда қалаларында Президенттік кітапханалар өз жұмысын бастайды. Мұндай кітапханаларды Шымкентте жəне басқа да облыс орталықтарында салу жоспарда бар. Демеушілер аталған бастамаға қолдау білдіреді деп сенемін.
Конституциямызда көрсетілгендей, Қазақстан – зайырлы мемлекет. Сондықтан білім беру мекемелерін көбірек салуға, білім беру жүйесін дамытуға жəне жетілдіруге ден қояйық. Өскелең ұрпақты өркениетті əрі жасампаз құндылықтар негізінде тəрбиелеу – ортақ парызымыз.
Мемлекет, ұстаздар жəне ата-аналар күш біріктіргенде ғана балаларымыздың үйлесімді дамуына барлық жағдайды жасай аламыз, басқаша айтқанда, жарқын болашағына жол ашамыз.
Ұлы Абай «Адам баласының ең жаманы – талапсыз» деп бекер айтпаған. Өзіне сенімсіз, жасық, əр нəрсеге мұңая беретін, үнемі күйзелісте жүретін кертартпа адамның болашағы бұлыңғыр.
Тағы да айтып кетейін. Қазақ – кез келген сын-қатерді еңсеруге дайын жұрт, келешегіне сеніммен қарап, алға қарай батыл қадам басатын нағыз жеңімпаз ұлт. Өткенге өкпе артып, тарихтағы сəтсіздіктер үшін басқа халықтар мен мемлекеттерді айыптау – болмысымызға мүлдем жат дүние.
Біз өскелең ұрпақты осындай кеселден, теріс түсініктен сақтауымыз керек. Бұл тұрғыдан алғанда, оқу-ағарту саласына зор жауапкершілік жүктеледі. Сондықтан ұстаздарымыз ең алдымен, ойы таза, ниеті түзу, жақсылыққа, жарқын болашаққа деген сенімі зор жігерлі азаматтарды тəрбиелеуге тиіс.
Отаншыл, білімпаз, жаңашыл, талапты, еңбекқор адамдар елдің көшін алға бастайды. Риза болатыным: мен осы қасиеттерді өскелең ұрпақтың бойынан анық көремін. Жастарымыз əрдайым жақсылыққа ұмтылады, еліміздің келешегіне зор сеніммен қарайды.
Нағыз отаншылдық дегеніміз, бұл – жемісті, табанды еңбек. Əр саладағы еңбек – маңызды, оның жаманы немесе ұлтқа зиян əкелетіні болмайды. Еңбек, бұл – ең жоғары деңгейдегі қасиетті дүние. Ал, мемлекеттің міндеті – осындай еңбекқор адамдарға лайықты құрмет көрсету, оларды марапаттау. Алысқа көз тігетін жасампаз ұлттың шынайы болмысы осындай болады.
Қадірлі ұстаздар!
Əділетті, Қуатты, Қауіпсіз əрі Таза Қазақстанның тірегі болатын жауапты əрі адал азаматтарды тəрбиелеу – бəріміздің ортақ міндетіміз. Біз озық ойлы ұлт қалыптастыру жолында бірлесе еңбек етуіміз керек. Халқымызда «Білім – таусылмас қазына» деген сөз бар. Сапалы білім мен нағыз ғылымға ұмтылсақ, біз барлық мақсатымызға қол жеткіземіз.
Білікті мұғалімдеріміз, дарынды жастарымыз, мызғымас бірлігіміз барда еліміз кез келген белесті бағындырады. Бұған еш күмəнім жоқ. Ұстаз – ұлттың шамшырағы. Мұғалімнің еңбегі ең жоғары құрметке лайық.
Мен бүгін бір топ ұстазды жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы арнайы Жарлыққа қол қойдым. Баршаңызға құтты болсын деймін! Қызметтеріңізге табыс тілеймін.
Жаңа оқу жылы жемісті болсын!

