Мемлекет меншігіне қайтарылған активтерді әлеуметтік жобаларға бағыттау – бұл тек қаржының тиімді пайдаланылуы ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы әділеттілікті қалпына келтірудің нақты көрінісі.
318 млрд теңге көлеміндегі қаражаттың 400-ден астам әлеуметтік нысанға жұмсалуы – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды шара. Әсіресе, шалғай ауылдардағы медицина, білім беру және ауызсумен қамту саласындағы жобалар – мемлекетіміздің аймақтар арасындағы теңгерімді дамытуға деген ұмтылысын көрсетеді.
Гематология орталығы сияқты жоғары технологиялы медициналық мекемелердің құрылуы отандық денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға, күрделі ауруларды дер кезінде анықтап, тиімді емдеу мүмкіндіктерін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.
Спорттық инфрақұрылымның жаңартылуы жастарды салауатты өмір салтына баулуға, бұқаралық спортты дамытуға және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Қ.Мұңайтпасов атындағы стадионның жаңадан салынуы халықаралық стандарттарға сай келетін спорттық нысандарға қол жеткізу жолындағы маңызды қадам.
Ауызсу мәселесін шешуге бағытталған жобалардың ауқымы – ел Үкіметінің азаматтардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға деген ерекше назарын көрсетеді. Бұл ауыл мен қала арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты азайтып, әрбір азаматқа лайықты өмір сүру жағдайын жасауға бағытталған нақты саясат.
Қорыта айтқанда, қайтарылған активтер қаражатының әлеуметтік нысандар құрылысына бағытталуы – мемлекеттік басқарудың тиімділігін, қоғам алдындағы ашықтық пен жауапкершілікті арттыратын оң бастама. Бұл – әділетті Қазақстанның қалыптасуына қосылған нақты үлес. Осындай бастамалар еліміздің болашағы үшін маңызды, әрі халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадамдар болып табылады.
Ұзынағаш ауылдық округінің аналар кеңесінің төрайымы Райхан Жүнісовна