Үкіметтің 2024 жылы енгізілген басты бір жаңалығы – мобильді аударымдарды тексеру болды. Бастама авторы саналатын Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, бұл заңсыз кәсіпкерлерді көлеңкеден шығаруға бағытталған.
«Айналымда «мобильді төлемдер» деген ұғым бар. Оған кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде қолма-қол жасалмайтын төлемдер, мысалы, карталармен, QR-код арқылы есептесу жатады. Сондай-ақ мобильді аударым да бар. Кейбір кәсіпкер тауарлары немесе қызметтері үшін ақысын мобильді аударым арқылы алады. Бұл ретте бақылау-кассалық машина, POS-терминал және QR-код пайдаланылмайды. Салдарынан, төлеушіге чек берілмейді, кейін тауарды кері өткізгісі келсе, чегінің жоқтығын сылтауратып, тұтынушылардың құқықтарына қысым жасайды», – деп түсіндірді ведомство.
Сонымен бірге, меморган мемлекеттің барлық мобильді аударымды жаппай тексермейтінін тағы еске салды: тексеру үшін белгілі бір критерийлер әзірленді. Оны былтырдан бері айтып келеді: қатарынан 3 ай бойы кем дегенде 100 және одан көп, әрі әртүрлі адамдардан ай сайын мобильді аударым алып тұратын адамдар биыл тексеріске ілікті.
Сарапшылар қарапайым мысал келтіреді: егер мүмкіндігі шектеулі немесе мұқтаж жан ай сайын 99 адамнан, айталық, туған-туыстарынан, дос-жарандарынан қайырымдылық түрінде ақшалай көмек алып тұрса және олардың қатары өзгермей, үнемі тұрақты болса, онда тексеріс тағайындалмауы мүмкін.
Егер олардың қатарына жаңа бір адам қосылса, онда бұл салықшылардың сезігін тудырады. Онда қайырымдылық көмек алушы адам өзіне түскен қаражатты бизнеске емес, емделуге, дәрі-дәрмекке, медициналық бұйымға, керек жабдықты алуға және басқа қажеттіліктерін өтеуге жұмсағанын дәлелдей алғаны жөн. Мысалы, түрлі чектер мен келісімшарттарды жинап жүргені абзал. Сонда мемкірістер органына барып, мән-жайды түсіндіре алады.
«Барлық тексерістер тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде тағайындалады. Бұл жүйе нақты мәселеге назарды шоғырландырады және тәуекелі жоғары салық төлеушілерді нысанаға алады. Салығын уақытылы төлеп отырған адал бизнес тексеріс шеңберіне түспейді», – деп мәлім етті Мемкірістер комитеті.
Шенеуніктер тілінен қарапайым тілге аударғанда, бұл – кез келген сезікті жайт тексеріске себеп болады деген сөз. Егер мұқтаж жан өзіне аударыммен түскен қаражаттың қайырымдылық екенін дәлелдей алмаса, бұл табыс, «донат» деп танылып, оған салық салынуы мүмкін.
«Мобильді аударымдарды тексеру емдеу төлемдерін қамтымайды. Емдік мақсатта ақша жинауға салық салынбайтынын түсіну маңызды, өйткені олар кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыс емес. Алайда донат ретінде халықтан ақша жинап отырған блогерлер бар. Бүгінгі таңда мемлекеттік кірістер органдарында 405 блогер тіркелді. Олар 2023 жылдың қорытындысында шамамен 210 миллион теңге салық төледі. Бұл блогерлер табыс тапқандықтан, оларды өздерінің декларацияларында көрсетеді», – деп хабарлады комитет.
255 мың теңге шектеуі заңды ма?
«Әртүрлі 100 адамнан 3 айдан артық түскен аударым» критерийі жаңа талаппен толығуы мүмкін. Ол туралы Мәжіліс депутаттарына жауабында Премьер-министрдің орынбасары–Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров жариялады.
Осының алдында «Ақ жол» партиясының парламенттік фракциясы Үкіметке жүгініп, 1 қаңтардан бастап енгізілген мобильді аударымдарды фискалдық бақылауда кемшілік көп екеніне назар аудартқан болатын.
Депутаттар 2019 жылы Президент Қ.Тоқаевтың өзі Үкіметке бұл мәселені күн тәртібінен мүлдем алып тастауды тапсырғанын еске салды. Өйткені құзырлы органдар компаниялардың капиталды шетелге жылыстатуын дені дұрыс қадағалай алмауда: ең ірі сомалар да сол өрісте айналады.
Соған қарамастан, өткен жылы билік елдің бір-біріне ақша аударуын қатаң қадағалауға ұйғарды. Депутаттардың айтуынша, бұл қарапайым халық пен ұсақ бизнес үшін проблема туғызды. Қымбатшылықтың ары қарай ушығуына серпін берді: саудагерлер енді аударым үшін банктер алатын комиссияны сатып алушылардан өндіреді. Немесе тауар мен қызмет үшін ақыны тек қолма-қол ақшамен талап етеді.
«Бұл кәсіпкер үшін әкімшілендіру қиындықтарын туғызды. Бұрын мобильді аударым арқылы есептескенде, сатушы әдеттегідей кассалық чек шығарып берсе, жеткілікті болатын. Биылдан бастап, бизнес онлайн аударымдар арқылы алынған кіріс пен айналымды жеке есептеуге, ал касса арқылы өткен кірісті жеке санап, есеп беруге мәжбүр. Салдарынан, салық салудың жеңілдетілген режимдерінде жұмыс істейтін барлық кәсіпкерге өзіне түскен бір кіріс үшін екі рет салық төлеуге тура келуде. Бұл оларға түсетін ауыртпалықты арттырды: шағын бизнестен ақырында 3% орнына 6% салық өндіріледі», – деді депутат Асқар Садықов.
Ол олигархтарды жөнге келтіру орнына, биліктің халықпен етене араласып, шағын дүкендерінде, сауда орнында тауарын сататын, немесе ұсақ-түйек қызметін көрсетіп, нәпақа табатын шағын және микробизнесті желкелеп жатқанына көңілтолмастық білдірді.
«Бюджеттің миллиардтарын тұтас жұтып, офшорларға әкетіп жатқандар ұсақ бизнесмендер емес қой? Шағын кәсіпкерлер тіпті 5 мың теңге салығын төлемей қойса да, ол ақша ел ішінде қалады. Мысалы, баласына бәтеңке сатып әпереді, қомақты болса, шағын бизнесін кеңейтеді. Салық органдары бір айтқанын қайталаудан жалығар емес: әртүрлі адамдардан түскен 100 мобильді аударым бақылауға жатады дейді. Бұл ретте аударым сомасының шекті көлемі анықталмаған, содан 100-200 теңге сияқты азын-аулақ аударым да есепке алынуы мүмкін. Салық органдарына сұрағымыз: сіздер мобильді аударым арқылы кімді табамыз деп отырсыз: жасырын олигархтар мен құпия коррупционерлерді ме, әлде күнін күнге әзер жалғап отырғандарды ма?», – деп сұрады Үкіметтен «ақжолдық» депутаттар.
Олардың пікірінше, бұл тексерістерден табысы орташа жалақыдан аз өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, базарда шалбардың балағын қысқартып беретін қарапайым тігіншілер, көшеде тұздама-тосаптарын, бақшасының өнімін, майда-шүйде заттарын сататын қариялар зардап шегеді. Оларға айына әртүрлі 100 клиенті тиын-тебен төлемін аударуы мүмкін.
Яғни, күнін әзер көріп отырғандарға билік салығын салмақ. Соның кесірінен оларға бар табысын мемлекетке беріп, тақырға отырғаннан, ешқандай іспен айналыспай, жұмысты доғарып, мемлекеттен жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек талап ету қолайлы болмақ. Онда республикалық бюджеттің 11 триллион теңге тапшылығы ондаған триллионға дейін өсуі мүмкін.
Осылайша, ескі Үкіметтен эстафета таяқшасындай жаңа Үкімет қабылдап алған «мобильді аударымдарды жаппай бақылау» тетігінің зиянды «мультипликативті әсері» болғалы тұр. Бұдан ақшасын мобильді аударыммен емес, офшорлармен аударатын азуы алты қарыс жемқорлардың қылы да қисаймайды.
Осыған байланысты депутаттар мен кәсіпкерлер Үкіметтен мобильді аударымды бақылаудан бас тартпағанымен, ең құрығанда оған салық салу тәсілдерінен қайта қарауды талап етті.
Бұл талап Үкіметті ойлантып тастады. Ол тәсілдерді жетілдіруге кірісіпті.
Үкімет басшысының орынбасары–Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Қаржы экс-министрі Ерұлан Жамаубаевтың 2022 жылғы 29 наурыздағы №323 бұйрығымен кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру арқылы табыс табу нышандары бар операцияларды анықтауға мүмкіндік беретін критерийлер регламенттелгенін жеткізді. Соның аясында 100-ден артық мобильді аударым алатын азаматтардың тізімдерін банктер қалыптастырып, мемкірістер органдарына жібереді.
Нәтижесінде, 2023 жылы шенеуніктер мен олардың жұбайларының мобильді аударымдары туралы ақпарат түскен. Биылғы 2024 жылы барлық мемлекеттік мекемелердің, бюджеттік сала қызметкерлерінің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде, ұлттық компанияларда істейтіндердің және олардың жұбайларының аударымдары тексеріледі.
Келесі 2025 жылы оларға жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары мен қосақтары қосылады. Ал 2026 жылдан бастап, барлық қазақстандықтардың мобильді аударымы қатаң бақылауға алынады.
«Азаматтардың мобильді аударымдарын бақылау шараларын жетілдіру мақсатында Қаржы министрлігі мүдделі меморгандармен бірлесіп, жеке тұлғалардың банктік шоты арқылы жүргізілетін операцияларды кәсіпкерлік қызметтен табыс табу нышандары бар операцияларға жатқызу критерийлерін қайта қарау мәселесін пысықтауда. Соның аясында келесі критерийді енгізу ұсынысы қарастырылып жатыр: «Бір жеке тұлғаның төл банк шотына ай сайын 100 және одан көп әртүрлі тұлғалардан 3 ай бойы жалпы сомасы 3 ең төменгі жалақыдан (2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 255 мың теңгеден) асатын қаржы алуы», – деді Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.
Алайда еліміздің бас экономисі неге 3 ЕТЖ сомасы алынғанын түсіндірмеді.
Осы арқылы шенеуніктер ұлттық заңнамаға қайшы келіп отыр. Себебі, Кәсіпкерлік кодексінің 35-бабының 2-бөлімінің 2) тармақшасына сәйкес, «жеке кәсiпкерлiктен алатын жылдық кірісі 12 ең төмен жалақы мөлшерiнен асатын азаматтар ғана жеке кәсіпкер ретінде мiндеттi мемлекеттiк тiркелуге тиіс». 12 ЕТЖ 1 млн 20 мың теңгеге тең.
Бірақ 255 мың теңге шекті меже де қабылданбай қалуы мүмкін. Онда билік 1 теңге аударымды да тіркеуін жалғастырады. Министр Нұрлан Байбазаров ақырында қандай қорытынды шешімге келгендерін уәкілетті орган саналатын Қаржы министрлігі қосымша хабарлайтынын айтты.
Қалай болғанда, саланың қатаң бақылауға алынуы халықты қолма-қолсыз есептесуден жеріте алмады. Сарапшылардың: «жұртшылық жаппай қолма-қол ақшамен есеп айырысуға кіріседі» деген үрейлі болжамы шындыққа айналмады. Айнала алмайтын еді: бұқараның қолында ұсақ ақша-монеттер тым аз. Салдарынан, әр тиынын санаған қазақстандықтар желініп қалмау үшін мобильді аударымды жөн көреді.
Ұлттық банктің мәліметінше, Қазақстан халқының қолма-қолсыз транзакциялары соңғы 3 жылда ғаламат ауқымда, 4 есе өсті. Мобильді аударымдардың жаппай тексерілетіні жарияланғанына қарамастан, 2023 жылдың 11 айында бұқара мен бизнес 127,4 триллион теңгені бір-біріне әртүрлі тәсілмен қолма-қолсыз аударған.
Сөйтіп, оның ауқымы 2022 жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда 37,8%, 2021 жылмен салыстырғанда – 95,8%, 2020 жылдан бері – 4 есе ұлғайды.
Әйтсе де, былтыр бұл транзакциялардың басым бөлігі – 72,3 триллион теңгесі немесе 56,75%-ы банктердің төлем карталары арқылы жасалған. Бұған азаматтардың жұмыс берушілерінен алған жалақылары, мемлекеттік жәрдемақылар, картамен сауда-саттығы, басқасы кіреді.
Тағы 17% үлесі – QR-код арқылы төленген төлемдерге тиесілі. 2023 жылғы сәуір-қазан айларында қазақстандықтар QR арқылы жалпы сомасы 6,3 трлн теңгенің тауары мен қызметінің ақысын төлеу үшін 1,2 млрд операцияны жүзеге асырды.
Сонда 26,2 пайыздайы ғана мобильді аударымдар мен төлем терминалдары арқылы жасалған аударымдар үлесіне тиіп отыр. Ендеше, халық смартфондары арқылы ақша аударудан бас тартпағанымен, оның үлесі аз болып қалды.