Мыңбаев ауылында Құрылтай депутаттарын сайлауға орай көпшілікке арналған жәрмеңке ұйымдастырылды. Игі шараның басты мақсаты – ауыл тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсыну, жергілікті кәсіпкерлер мен шаруалардың еңбегін қолдау.
Жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен жергілікті кәсіпкерлер өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Сөрелерден табиғи әрі сапалы азық-түлік өнімдерін, соның ішінде ет, сүт өнімдері, көкөніс пен басқа да ауыл шаруашылығы тауарларын кездестіруге мүмкіндік болды.
Жәрмеңкеге ауыл тұрғындары белсенді қатысып, қажетті азық-түліктерін қолжетімді бағамен сатып алды. Мұндай шаралар бір жағынан халықтың сұранысын өтеуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан жергілікті өндірушілердің өнімдерін өткізуіне қолайлы жағдай жасайды.
Сайлау күніне орай ұйымдастырылған жәрмеңке ауыл тұрғындарының басын қосып, елдік мәні бар маңызды шараны көтеріңкі көңіл-күймен өткізуге ықпал етті. Жәрмеңкеге келген тұрғындар өз таңдауын жасап, азаматтық белсенділіктерін танытты.
Ел өміріндегі маңызды саяси науқанмен қатар өткен бұл шара ауылдағы қоғамдық белсенділік пен бірліктің жарқын көрінісіне айналды. Халықтың өзара ынтымағы мен жергілікті өнім өндірушілерге көрсетілетін қолдау – ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды фактор.
Құрылтай депутаттарын сайлау – ел болашағына қатысты маңызды шешімдердің бірі. Ал осындай игі шаралардың ұйымдастырылуы ауыл тұрғындарының сайлау күнін мазмұнды әрі көтеріңкі көңіл-күйде өткізуіне мүмкіндік берді.

