Site icon Атамекен

Мұқағали Мақатаевтың мұражайына қобыз сыйға тарту етілд

9 ақпан — ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Қазақтың маңдайына біткен талантты тұлға тірі болса, 90 жасқа толар еді. Күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып қайтарған ақиықтың торқалы тойы Нарынқолда тойланды. Рухани кеште ақынның көзін көргендер естеліктерімен бөлісіп, өскелең ұрпақ өлеңдерін оқып, арнауларын айтты.


Сондай-ақ, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет және т.б. айтулы меймандар арнайы келіп қатысты. Мәртебелі меймандар алдымен ақын туған топырақ Қарасаз ауылына барып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Сапарында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев ауылдағы ақын мұражайына Мұқағали кезінде ұстаған қобызды табыстады.
Орталық алаңда алып тұлғаның бой көтерген еңселі ескерткіші ашылды. Жаңа мүсін Нарынқол ауылының Райымбек көшесінде орналасқан. Мерекелік шараны Хантәңірі халық театры ақынның өмірі мен шығармашылығын негізге ала отырып дайындаған. Ескерткіш дайындауға облыстық бюджеттен 61,1 млн. теңге жұмсалды. Мүсін қоладан құйылған, тұғыры граниттен дайындалған. Мұзбалақ ақынның мүсінінің авторы Қазақстанның құрметті сәулетшісі, Ақмырза Рүстембеков болса, мүсіншісі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Сұлтан Бейбарыс атындағы сыйлықтың лауреаты Какимов Қадырхан болып табылады.
Мерейтойлық шараның мән-маңызына Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев өз сөзінде кеңінен тоқталды.
«Мұқағали-жырдың асыл қазынасы. Ол өткен мен жаңаны байланыстыратын алтын көпір. Елбасы мен мемлекет Басшысының бастамасы бойынша ЮНЕСКО аясында ақынның жүз жылдығын өткізу бастамасында ұсыныстар әзірленіп жатыр. Халқымыздың рухы Мұқағали поэзиясы сияқты таза, Хантәңірі сияқты асқақ, Көлсай сияқты тамаша болсын»,-деп Қ.Көшербаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтауын оқып берді.
Облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы шара барысында, Мұқағалидің өміршең өлеңдері ел есінде мәңгі қаларын тілге тиек етті. «Райымбек ауданының тамырына нәр жүрді. Бұрынғы келбетін көргенде жүрегім ауыратын. Елбасының қолдауының арқасында кейпін жаңарттық. Қасым-Жомарт Тоқаевта өлкенің өркендеуіне көңіл бөлуде. 500-ден астам отбасы келіп, ауданда жұмыс жанданды өте қуанышты жайыт. Ақын шығармашылығымен танысқан соң оның өлеңдеріне ғашық болдым. Қазақ елі осындай талантты ақындарға бай. Олардың мұрасын ұлықтау ұрпаққа парыз»,- деді А. Баталов.
Сонымен қатар, Нарынқол тұрғындарына Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен ақын мерейтойының құрметіне 50 отбасыға су жаңа баспаналардың кілті табысталды. Әр үйдің ауданы-100 шаршы метр. Шаңырақ шаттығына бөленгендер қатарында көпбалалы ана Мадина Жүкеева да бар.
«Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы аясында баспаналы болып жатырмыз. Балаларым мәре-сәре болып жүр. Қуанышымызда шек жоқ. Осындай бақытты сезінуге мүмкіндік берген мемлекетімізге алғыс айтамын. Үйіміз өте жақсы, өзімізге ұнап жатыр»,- деп бөлісті. Тағылымға толы шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Осылайша аспантаудың етегіндегі дүбірлі той өз деңгейінде атап өтілді. Ұлықтайтын халқы барда, өлең барда Мұқағали мәңгі жасамақ!

Exit mobile version