Site icon Атамекен

Мәдениетті дамыту – ұлттық бірегейлікті нығайтудың негізі

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық бірегейлікті нығайту жолында мәдениет саласының маңыздылығына ерекше тоқталуы – уақыт талабына сай дұрыс шешім. Елдің мәдени даму деңгейі оның рухани кемелдігін көрсететін басты өлшемдердің бірі. Президенттің өңірлердегі театрларды дамыту жөніндегі бастамасы – отандық өнердің жаңа серпін алуына ықпал ететін маңызды қадам. Театр – халықтың мәдени санасын қалыптастыратын, рухани құндылықтарды насихаттайтын маңызды алаң. Осыған орай, бизнес өкілдерінің бұл салаға белсенді атсалысуы – ұлттық мәдениеттің өркендеуіне үлес қосатын игі бастама.

Сонымен қатар, Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы қарсаңында Абай институтын халықаралық деңгейдегі мәдени-ағарту мекемесіне айналдыру – елдің рухани-мәдени беделін арттыратын аса маңызды шешім. Конфуций, Гете, Сервантес институттары сияқты орталықтар белгілі бір елдің тілін, мәдениетін, әдебиетін әлемге насихаттаудың тиімді құралына айналған. Сондықтан Қазақстан да Абай институты арқылы ұлттық мәдениетін, тілін, әдебиетін кеңінен танытып, халықаралық деңгейде мәдени ықпалын күшейтуі тиіс.

Президенттің осы бағыттағы тапсырмалары ел руханияты мен мәдениетін дамыту жолындағы маңызды қадамдар екенін атап өтеміз. Бұл бастамалар ұлттық бірегейлікті бекемдеуге, мәдениетімізді дәріптеуге және халықаралық деңгейде қазақ өнері мен әдебиетінің ықпалын арттыруға зор мүмкіндік береді. Редакция бұл бастамаларды толық қолдай отырып, олардың жүзеге асуына қоғам болып үлес қосу қажет деп есептейді.

Қарабай Абуов.

Exit mobile version