Вторник, 23 апреля, 2024
Басты бетӨзге айдарларМәртебесі маңызды

Мәртебесі маңызды

Тіл – ұлттың қазынасы. Ұлттық қазынамыз бола білген тілімізге қаншалықты құрмет көрсетілуде? Кейде осы біз өз ана тілімізге қиянат жасап жүрген жоқпыз ба деген ой туады. Оған себеп те жоқ емес. Əркімнің үйінің төрінде құдайы қонақтай болып жайғасқан көксандықтағы жарнаманың қазақшасын көрсеңіз қарныңыз ашады. Себебі, ол жарнамаларды əлгі жарнама берушілер тура мағынасында аударып, сөздің мəні мен мағынасын құртып жіберген. Ол бір деңіз…

Екіншісі. Қазір дамыған заман. ХХІ ғасыр жастары көзі ашық, көкірегі ояу болып, нанотехнологияларды жетік меңгеруі тиіс деп ұрандатып жатамыз. Сол ұранның ішінде тілдік қасиетті сақтайық деген жанашырлық байқалмайды. Себебі, бүігінгі ұрпақ сол техниканың, əсіресе смартфондардың жетегінде кетіп, ана тілінде сауатты жаза алуды ұмытып бара жатыр. Мəселен, қолына ұялы телефон ұстаған жастар «бара жатырмыз» деген сөзді «бара жатырық», «қалың қалай?» дегенді «каксың?», «менің, сенің» деген сөздерді «менім, сенім» деп жазатынды əдетке айналдырды. Дəл осындай қате жазуларды тізбектесек мақаламыздың жартысынан көбін алар еді. Сол үшін қысқа ғана қайыруды жөн көрдік.

Үшіншіден. Базар маңындағы дүкен сөрелері мен бутиктердің маңдайшасындағы жазулар. Ауданымызға əйгілі болған «Абай-Жапар» базарының маңындағы сауда орындарындағы жазуын көрсең іштей қынжыласың. Бірінің сыртында тамақтың аты қытайша жазылып астына «Ляң Пы Зы» деп аудармасын жазып қойса енді бір жерде баяғы Ахмет Байтұрсынұлы негізін қалап кеткен төте жазумен жазылған жазулар ілулі тұр. Бұл сөзімізбен біз ұлтымыздың ұлы перзенті Ахмет Байтұрсынұлы негізін құрастырған əліпби қате дегіміз келмейді. Бірақ, бізде қазір сол қаріпті танитын адам жоқ. Сол үшін жарнама жасағанда өзімізге үйреншікті болған кирил əріпімен я болмаса латынша жазайықшы дегіміз келеді. Əйтпесе онсыз да басы біріге алмай жүрген жұрт бір-бірін түсінбей түсініспеушілік туар.

Ұзын сөздің қысқасы біз ұлт болып қалуымыз үшін алдымен өз ана тілімізді жетік меңгеріп, соған құрмет көрсетейік. Болмаса құры аттандап, ұрандаудан, өтірік патриот болудан түк өнбейді. Қазақтың тілі қазақтың баға жетпес байлығы. Сол байлықты көзіміздің қарашығындай сақтайық, ағайын!

Е.Жақыпбеков

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments