Қаланың басты көшелеріндегі бейне экрандар мен баннерлерде «Ваше превосходительство, қош келдіңіз!» деген жазумен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бейнесі тұр. Көк байрақ туымызбен өрнектелген Мәскеу көшелері біздің Президентке көрсетілген құрмет екені анық.
Тарих тоғыстырған Қазақстан мен Ресей бүгінде бір-біріне жақын серіктес, сенімді одақтас. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 27 миллиард доллардан асыпты, ал биылғы тоғыз айдың өзінде бұл көрсеткіш 20 миллиард долларға жеткен. Ресей – Қазақстанның жетекші сауда әріптестерінің бірі әрі үздік үш инвестор қатарында. Көптеген ресейлік компаниялар Қазақстанда табысты жұмыс істеп, өз үлесін қосуда, ал біздің кәсіпкерлер Ресей нарығында белсенділігін арттырып келеді.
Қазақстан осы күрделі геосаяси кеңістікте әрдайым прагматизм мен бейтараптықты ұстанып келеді. Біз халықаралық нормаларды сақтай отырып, өз экономикалық тәуелсіздігімізді нығайтып келеміз. Кез келген мемлекетпен тең дәрежеде тұрып серіктесіп те жатырмыз. Ресейде солардың қатарында. Ресеймен сенімді серіктестік ол болжамды нарық, тұрақты логистика және жаңа инвестициялық мүмкіндік деген сөз.
Бүгінгі таңда Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық жай ғана саудамен шектелмейді. Ол – өзара сенімге, ортақ мүддеге және прагматикалық есепке құрылған күрделі экономикалық жүйе. Инвестициялар, өнеркәсіптік кооперация, энергетикалық байланыстар – бәрі де жаңа заман талабына сай трансформацияланып, екі елдің өзара тәуелсіз әрі тең серіктестігін жаңа белеске көтеріп келеді.
Қысқасы, Мәскеу бұл күндері қазақ басшысына құрметін ашық көрсетті. Ұзағынан болсын!

